Чемпиондар лигасы: «Астананың» «Динамоға» әлі келмеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 14 тамызда Хорватия астанасы - Загреб қаласында елордалық «Астана» жергілікті «Динамо» командасымен футболдан Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде қарымта ойын өткізді. Кездесуде «Динамо» «Астанадан» 1:0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос команданың алғашқы кездесуі апта бұрын Астана қаласында өтті. Аталмыш ойында хорваттар жауапсыз екі гол соқты. Осының нәтижесінде олар жарысты жалғастыру мүмкіндігін арттыра түсті. Өйткені, «Астана» плей-офф кезеңіне шығу үшін кем дегенде үш доп айырмасымен жеңіске жетуі тиіс. «Динамо» ыңғайға жығыла қоя ма? Алғашқы кездесуде әлеуеті қандай екенін аңғартып қойды. Сол себепті қарымта кездесу «Астана» үшін оңайға соқпайтыны белгілі еді.

Бірінші кездесуден кейін «Астана» бас бапкері Роман Григорчук команда құрамына бірқатар өзгерістер енгізді. Алған жарақатына байланысты қорғаушы Марин Аничич Хорватияға келген жоқ. Өткен турда алғашқы минуттан негізгі құрамда шыққан Джуниор Кабананга мен Серікжан Мұжықов бұл жолы қосалқы құрамда болды. Украиналық бапкер бірінші минуттан Ненад Эрич, Сергей Малый, Евгений Постников, Дмитрий Шомко, Антонио Рукавина, Ласло Кляйнхайслер, Педро Энрике, Марин Томасов, Иван Маевский, Ричард Алмейда, Рангело Янга секілді футболшыларды жасыл алаңға шығарды. Ал «Динамо» құрамында Даниэль Загорац, Ариян Адеми, Даниэль Ольмо, Изет Хайрович, Марио Будимир, Амер Гояк, Марин Леовац, Кевин Теофиль-Катрен, Петар Стоянович, Эмир Дилавер, Мислав Оршич шықты.

Алаң иелері бірден қонақтарға ойын тізгінін беруге ниеті жоқ екенін аңғартты. «Астана» футболшылары да шабуылға шықты. Десе де «Динамо» гол соғу мүмкіндігін іздеді. Тіпті, олардың тепкен доптарын біздің қақпашы Ненад Эрич әрең сыртқа шығарған сәті де кездесті. Ал 18-минутта Педро Энрике қақпаға доп бағыттаған еді. Ол қақпадан қиыс кетті. Ойынның 28-минутында «Астана» шабуылды үдете түскенімен, одан ешбір нәтиже бола қойған жоқ.

Екінші кезеңде Педро Энрике сол қанаттан қақпашымен бетпе-бет шыққан еді. Сол аяғымен шірене тепкен добын «Динамо» қақпашысы ешбір саспастан қақшып алды. Ал 67-минутта Иван Маевскийдің алыстан тепкен добын қақпашы зорға шығарып үлгерді. «Динамо» жолдама тағдырын Марио Гавранович шешті деуге болады. Бұл 74-минут болатын. Есеп 1:0. «Динамо» жеңіске жетті.

«Астана» енді Еуропа лигасының плей-офф сатысына ойнайды. Ол ойындар 23 және 30 тамыз күндері болады. Ал «Динамо» Чемпиндар лигасы плей-офф сатысында Швейцарияның «Янг Бойз» клубымен 22 және 29 тамыз күндері кездеседі.

Естеріңізге сала кетелік, «Астана» алғашқы іріктеу кезеңінде өз алаңында Черногорияның «Сутьескасын» 1:0 есебімен жеңіп , сырт алаңда 2:0 есебімен басым түсті. Одан кейін екінші іріктеу кезеңінде олар Данияның «Мидтьюлланд» клубын (2:1, 0:0) тізе бүктірді .

Енді 16 тамызда Еуропа лигасы үшінші іріктеу кезеңінің қарымта ойындары болады. Аталмыш бәсекеге қатысып жатқан Алматының «Қайраты» өз алаңында Чехияның «Сигма» командасын қабылдайды. Алғашқы кездесуде чехтар 2:0 есебімен басым түскен еді.

 

Соңғы жаңалықтар