Чемпиондар лигасы: «Астана» жарыстың алғашқы сатысынан өте ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордалық «Астана» UEFA Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысында Беларусь «Динамо» (Брест) командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордалық клуб іріктеу сатысын сырт алаңда бастайды.

Естеріңізге сала кетелік, жеңімпаз небәрі бір ғана ойынның нәтижесі бойынша белгілі болады. Бұл - әлемдегі коронавирус инфекциясы жағдайына байланысты қабылданған шешім. Сондықтан қос команда үшін аталған кездесу тартысты өтетіні белгілі.

Жанкүйер көзіне көбірек түсе қоймаса да «Динамо» (Брест) клубының алпыс жылдық тарихы тасқа басылған . Тоқсаныншы жылдарға дейін зор табысымен көзге түсе қойған жоқ. Екінші лигада ойын көрсетті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Беларусь чемпионатының барлығында бақ сынап келе жатқан санаулы команданың бірі болып табылады.

Биылғы жылға дейін ортанқол ұжымның қатарында саналып келді. 1992 жылы өз елінде қола жүлдегер болды. Одан кейін төртінші-бесінші орыннан әріге аса алмайтын. 2016 жылы команда Біріккен Араб Әмірлігінде тіркелген «Sohra Overseas» компаниясының қарауына өтті.

Кейіннен аталған компанияны кәсіпкер Сергей Зайцевтің иелігінде екені белгілі болды. Брест облысында дүниеге келген ол «Динамоға» көрсеткен қолдауы жөнінде өз пікірін білдіріп өтті. «Мен бала кезімнен «Динамоға» жанкүйер болдым. Бірнеше жыл бұрын команда банкротқа кетуге аз қалды.

Осылайша команда Беларусь чемпионатының жоғары лигасынан төмендеуі мүмкін еді. Сол сәтте оларға қолдау білдіруге шешім қабылдадым», - деді ол.

Бұл команда футболдан Беларусь кубогында 2006/2007, 2016/2017, 2017/2018 жылдарда жеңімпаз атанды. Нәтижесінде Еуропа лигасы (УЕФА кубогы) ойындарында үш мәрте бақ сынауға мүмкіндік алды. Дегенмен осы турнирде 2007/2008 жылғы кезеңде бірінші іріктеу сатысында Латвияның «Металлург» (Лиепай) командасымен кездесіп, қарсыласына жол беріп қойды. Сырт алаңда 1:1 есебімен тең түскенімен, өз алаңында 1:2 есебімен жеңіліп қалды. 2017/2018 жылғы кезеңде де дәл осындай жағдай қайталанды. Австрияның «Альтах» клубымен сырт алаңда 1:1 есебімен тең түсіп, өз алаңында 0:3 есебімен жол берді. Ал 2018/2019 жылғы кезеңде өз

тарихында еурокубок ойындарының екінші сатысына жолдама алды.

Алдымен Грекияның «Атромитос» клубын (4:3, 1:1) орта жолда қалдырып, одан кейін Кипрдің «Аполлон» клубына (1:0, 0:4) жол беріп қойды.

Команда құрамында атағы кеңге жайылған танымал футболшылар жоқ.

Десе де Артем Милевский, Евгений Хачериди секілді кезінде Украина ұлттық құрамасының намысын қорғаған тәжірибелі спортшылар бар.

Олардан басқа да шеберлігі шыңдалған футболшылар кездеседі.

Ал «Астана» біздің еліміздің атынан алтыншы жыл қатарынан Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде сынға түсіп келеді. Мәселен, 2015/2016 жылғы кезеңде аталмыш турнирдің топтық кезеңіне дейін жетті. Одан кейінгі үш жылда екі мәрте үшінші іріктеу кезеңінен аса алмаса, бір мәрте плей-офф кезеңіне дейін барды. Нәтижесінде оларға соңғы төрт жылда Еуропа

лигасының іріктеу кезеңіне қатысуға мүмкіндік берілді. Одан сүрінбей еткен елордалықтар топтық кезеңінде ел намысын қорғады. Ал 2016/2017 жылғы кезеңде Еуропа лигасында жарыстың 1/16 финалына дейін жетті. Одан кейін топтық кезеңнен әрі аса алған жоқ.

Естеріңізге сала кетелік, «Динамо» (Брест) және «Астана» командалары арасындағы кездесу елорда уақытымен 00.00-де басталады. Ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар