Чемпиондар лигасы: «Астана» жанкүйерлерін тағы да қуанта ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 11 шілде күні футболдан Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі басталады. Бұл күні елорданың «Астана» клубы өз алаңында Черногорияның Никшич қаласының «Сутьеска» клубын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

«Сутьеска» клубының 90 жылдан астам тарихы бар. 1945 жылдан бастап қазіргі атауымен жанкүйерлерге жақсы таныс. Сутьеска аймағын қорғауға белсене атсалысқан Югославия партизандарының құрметіне осылай аталған. Команда Югославияның бірінші лигасында алғаш рет 1964 жылы ойын көрсетті. Черногория аймағынан сынға түскен 2 команданың бірі болды. Нәтижесінде аталмыш клуб халықаралық деңгейде тәжірибе жинап, Еуропа құрлығында жақсы абыройға қол жеткізді. Югославия тарағаннан кейін команда Югославия Республикалар одағы біріншілігінде сынға түсті.

2002 жылы Интертото кубогында бақ сынауға мүмкіндік алды. Олар екінші кезеңге дейін шықты. Алдымен Люксембургтің «Расингін» (3:0, 1:1) орта жолда қалдырып, одан кейін Финляндияның «Тампере Юнайтедінен» (0:0, 0:1) қалып қойды. 2009 жылы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Беларусьтің «Партизанына» (1:1, 1:2, қосымша кезең) жол беріп қойды. 2013, 2014 жылдарда Чемпиондар лигасында бақ сынаған олар екі жылда Молдованың «Шерифіне» қарсылық көрсете алмады. Ал 2015, 2017 жылдарда олар Еуропа лигасында ойнады. 2015 жылы Венгрияның «Дебреценінен» 0:2, 0:3 есебімен жеңілсе, 2017 жылы Болгарияның «Левски» клубына (0:0, 1:3) жол берді.

«Астана» клубының бүгінге дейінгі жетістігі көз алдымызда. Елордалық клуб 2013 жылдан бері еурокубок ойындарына тұрақты қатысып келеді. 2013 жылы Еуропа лигасында сынға түскен астаналық клуб Болгарияның «Ботев» (Пловдив) клубынан айналып өте алған жоқ. Өз алаңында 0:1 есебімен қарсыластарына жол берген олар сырт алаңда 0:5 есебімен ойсырай ұтылды. 2014 жылы «Астана» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жетіп сүрінді. 2015 жылы біздің клуб айды аспанға бір-ақ шығарып, Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнады. 2016, 2017 жылдарда олар алдымен Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне дейін жетіп, осының нәтижесінде Еуропа лигасы топтық кезеңінде сынға түсу мүмкіндігін жеңіп алды. Былтыр Еуропа лигасының топтық кезеңінде екінші орын алып, жарыстың плей-офф кезеңінде Португалияның «Спортинг» клубымен шеберлік байқасқанын жанкүйерлер жақсы біледі. 

Бұл ойын бүгін, 11 шілдеде елордадағы «Астана-арена» стадионында өтеді. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан сағат 19.50-де тікелей эфирде көрсетіледі.

Кеше, 10 шілдеде Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Грузияның «Самтредиа» клубын 1:0 есебімен жеңіп қайтты. «Тобыл» еурокубок ойындарына бірнеше жыл үзілістен кейін қайта оралып отыр.

Сондай-ақ, Еуропа лигасында еліміздің атынан сынға түсетін Алматының «Қайраты» Андорраның «Энгордань», Павлодардың «Ертісі» Литваның «Тракай» клубтарымен 12 шілдеде сырт алаңда кездеседі.

Соңғы жаңалықтар