Чемпиондар лигасы: «Астана» бұрынғы жетістіктерін қайталай ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 18 шілдеде футболдан Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінің қарымта ойындары өткізіледі. Елорданың «Астана» командасы сырт алаңда Черногорияның «Сутьеска» командасымен кездеседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Біз бұдан бұрын «Астана» мен «Сутьеска» жайында қысқаша шолу жасаған едік. Онда қос команданың бүгінгі тарихы мен бүгінгі күнге дейінгі қол жеткізген жетістіктері баяндалды. Бұл жөнінен әзірге «Астананың» салмағы басымдау секілді. Елордалық клуб бұған дейін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңдерінде бақ сынап, кәрі құрлықтың беделді клубтарымен шеберлік байқасты. Тіпті 2017/2018 жылғы футбол маусымында айды аспанға шығарған «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңінде өз тобында екінші орын алып, плей-офф сатысында Португалияның «Спортинг» клубымен жолы түйісті. Олар өз алаңында қарсыласына 1:3 есебімен жол берді. Есесіне Лиссабонда өткен кездесуде 3:3 есебімен тең ойнап, жанкүйерлерді бір желпіндіріп қойды.

Айта кету керек, «Астананың» қазірге дейінгі жетістігі болгар маманы Станимир Стоиловтың есімімен тығыз байланысты. Болгар маманы тәжірибесі аздай команданы түлетті, шәкірттерін талай мықты клубтарға қарсы жігерлі ойын көрсетуге жетеледі. Дегенмен ол биыл қызметінен кетіп, еліміздің ұлттық құрамасы тізгінін ұстады. Ал «Астана» командасы белгілі украиналық маман Роман Григорчукке сенім артып отыр. Украиналық маман енді С.Стоилов салған соқпақпен жүре ала ма? Елордалық клуб бұрынғы жетістіктерін қайталай ала ма? Бұл - алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа.

Роман Григорчук те тәжірибелі маман. 2014 жылы Украинаның Одесса қаласының «Черноморец» клубын Еуропа лигасының топтық кезеңіне алып шықты. В тобында сынға түскен «Черноморец» өз тобында екінші орын алып, плей-офф кезеңінде Францияның «Лионымен» ойнады. Екі кездесуде небәрі бір ғана доп соққан француздар жарысты жалғастырды. Одан кейінгі жылдарда ол Әзербайжанның «Габала» командасының тізгінін ұстап, сол елдің ортанқол ұжымы саналатын клубты 2015, 2016 жылдары Еуропа лигасының топтық кезеңіне алып шықты. Екі жылда да төртінші орынға тұрақтады. Дегенмен команданы топтық кезеңге дейін алып шығу әрбір маманның қолынан келе бермейді. Ендігі кезекте ол «Астананы» өрге сүйрейді деген үміттеміз.

Айта кетелік, біздің команда іріктеу және топтық кезеңдерді қоса есептегенде Чемпиондар лигасында бүгінгі күнге дейін 23 кездесу өткізіп, оның 8-де жеңіске жетіп, 9-да тең ойнап, 6 ойында жеңілді. Оның ішінде 12 кездесуді өз алаңында өткізген елордалықтар 7-де жеңіске жетіп, 5-де тең түскен екен. Бірде-бір мәрте жеңіліп көрмеген. Ал сырт алаңдағы 11 кездесудің 6-да жеңіліп, 4-де тең түскен, 1-де үш ұпайды олжалап қайтты. Бүгінгі кездесуде қалай болады? «Астана» үшін тең ойын да жеткілікті. «Астана» соңғы жылдарда еурокубок ойындары топтық кезеңінің тұрақты қатысушы болып келеді. Сондықтан ел көкейінде елордалық клубтың «ертегісі» биыл да жалғаса ма деген сауал бар.

Аталмыш матч 00.00-де басталады. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл жұптың жеңімпазы жарыстың келесі кезеңінде Данияның «Мидтьюлланн» клубымен 24 шілде және 1 тамыз күндері кездеседі.

Сондай-ақ, ертең 19 шілдеде Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінің қарымта ойындары өткізіледі. Өз алаңында Алматының «Қайраты» Андорраның «Энгордань», Қостанайдың «Тобылы» Грузияның «Самтредиа» клубтарын қабылдаса, Павлодардың «Ертісі» Литваның «Тракайымен» шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар