Чехияда 250 мың адам митингке шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Чехиялықтар премьер-министр Андрея Бабиштің отставкаға кетуін талап етіп митингке шықты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ереуілге шыққандардың саны 250 мыңға жетеді. Бұл туралы ҚазАқпарат ВВС сілтеме жасап хабарлайды.

Праганың Летна саябағына жиналғандар ел премьер-министрі Андрей Бабиштің лауазымнан кетуін талап етті. БАҚ-та тараған хабарларға қарағанда митингке қатысушылардың арасында оңшыл саяси партиялар басшылары мен өкілдері, парламенттегі оппозициялық фракциялардың депутаттары, қоғам және мәдениет қайраткерлері, қаладағы ЖОО студенттері бар.

ВВС-тің хабарлауынша, митингке тек астана тұрғындары ғана емес, елдің түкпір-түкпірінен келгендер де қатысқан.

Ереуілге шыққандар Бабишті сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап отыр. Бұрынғы коммунист Андрей Бабиш - Чехиядағы ең бай азаматтардың тізімінде екінші орында. Наразылар Бабишті Еуроодақ берген субсидияларды жымқырды, алаяқтық жасады деп айыптайды.

Бұған дейін 400 мың адам оның лауазымнан кетуін талап етіп петицияға қол қойған.

2018 жылғы қарашада Чехия парламентінің төменгі палатасы Андрей Бабиш үкіметіне сенімсіздік вотумын енгізбек болған еді, бірақ осы әрекеттерлен ештеңе өзгерген жоқ.

Айта кетсек, тарихтағы ең ауқымды антикоммунистік акция дәл осы Прагадағы Летна саябағында 1989 жылы өткен. Сол кезде оған жарты миллионға жуық адам қатысқан.

Соңғы жаңалықтар