Чехия Сенатының төрағасы Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасына қызығушылық танытты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Парламенті Сенатының  төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Чех Парламенті Сенатының төрағасы Милан Штехпен кездесу өткізді.

Қ.Тоқаев Праганың «ЭКСПО-2017» өткізуге қолдау білдірген шешімін және халықаралық көрменің ашылуына Президент Милош Земаннның өзі қатысқанын жоғары бағалады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

 15 шілдеде екі ел Парламенттері Жоғарғы Палаталары Төрағалары «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Чехияның Ұлттық күнінің ашылуында сөз сөйлейтін болады.

-Чехия Қазақстанның Еуропалық одақ  пен Орталық Еуропадағы маңызды әріптесі болып табылады,- деп атап өтті Сенат төрағасы жүздесу барысында. «Біздің мемлекет басшыларының, үкіметтері мен іскер ортаның арасында сенім және жан-жақты диалог қалыптасқан. Заң шығарушы органдар арасындағы ынтымақтастық серпінді сипат алды».

Қ.Тоқаев Чехия Парламенті алғашқылардың бірі болып Еуропалық одақ пен Қазақстанның арасындағы кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялағаны үшін М. Штехқа алғысын білдірді. Қазақстан Парламенті Сенаты төрағасының айтуынша, бұл келісім  біздің еліміздің ең ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесі - Еуропалық одақпен ынтымақтастықты белсенді етуге мүмкіндік береді.

Қ.Тоқаев байланыстарды одан әрі кеңейту әлеуетін Азия мен Еуропаны жалғайтын ірі халықаралық  көлік инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуымен байланыстырады. Еліміздегі «Нұрлы жол» бағдарламасымен ұштасатын Қытайдың «Бір - белдеу, бір - жол» бастамасы жүзеге асуында Қазақстан маңызды рөл атқарады.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық салалардағы байланыстарды дамыту келешегін талқылады.

М. Штех Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларға, мемлекеттік мекемелерді жекешелендіру бағдарламаларына қызығушылық танытты.

Чехия Сенатының төрағасы парламентаралық үнқатысудың жоғары деңгейі екі мемлекет арасындағы дәстүрлі жылы және достық қарым-қатынастардың маңызды бөлшегі болып табылады деп атап өтті.

Кездесу аяғында  М. Штех өзінің қазақстандық әріптесін Чехияға ресми сапармен келуге шақырды.

Соңғы жаңалықтар