Цеснабанк отандық шаруалардың сенімді серіктесі болып қала береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Цеснабанк» АҚ өзінің даму стратегиясын қайта қарауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақын күндері банктің даму стратегиясын қайта қарауды бастаймыз. Директорлар кеңесінің қолдауымен жыл соңында «Цеснабанк» дамуының жаңа стратегиясын жариялаймыз», - деді «Цеснабанк» АҚ Басқарма төрағасы Ульф Вокурка банктің бас кеңсесінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, Цеснабанк ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламаларды табысты жүзеге асырып келеді.

Сонымен бірге, Ульф Вокурка Үкімет пен Ұлттық банктің агросекторға қолдау білдіруіне банктің қатысуы туралы өз пікірімен бөлісті.

«Бұл жеке сектор мен меморгандар арасындағы ынтымақтастықтың үлгісі. Келісімдеріміз аясында аграрлық сектордағы ірі 30 қарыз алушыны анықтадық. Олардың несиесін Цеснабанктен Қазақстандағы Проблемалық несиелер қоры сатып алады. Әзірге сату-сатып алу келісіміне қол қойып, акт жасалды. Сонымен бірге, «Цеснабанк» акционерлері 35 млрд теңгеден астам қосымша қаражат құйып, банкі нығайта түсуді ұйғарды. Бұл банкіміздің анағұрлым өтімді, тұрақты және берік ете түседі», - деді Ульф Вокурка.

Брифингте «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Сатылғанов Қазақстан халқының 42 проценті ауылдық елді мекендерде тұратынын және олардың басым бөлігі Цеснабанк қаржыландыратын кәсіпорындарда жұмыс істейтінін атап өтті. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жобаларды қаржыландырудың 65 проценті Цеснабанкке тиесілі.

«Цеснабанк Үкімет пен Ұлттық банктің, ҚазАгро холдингінің агросекторды қолдау шараларын толық қолдайды. Бұл шаралар ең алдымен қарыз жүктемесін азайту мен қаржыландыруды біріктіруге бағытталған. ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық Банкі «Цеснабанк» АҚ-нан 450 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы несиелерінің портфелін сатып алады. Бұл тұрғыда Цеснабанк отандық АӨК кәсіпорындарының сенімді қаржылық серіктесі болып қала береді», - деді Қайрат Сатылғанов.

Айта кетейік, 2018 жылғы 19 қыркүйекте ҚР Үкіметі мен ҚР Ұлттық Банкі «Цеснабанк» АҚ-нан 450 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы несиелерінің портфелін сатып алу тетігін бекітті. «Цеснабанк» АҚ «ҚазАгро Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ бірлесіп, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге берілген валюталық несиелерді несиелендіру мерзімдерін ұзарта отырып, теңгелік несиеге айырбастау тетігін бекітті.

Соңғы жаңалықтар