Церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге 870 млн теңге бөлінеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстан халқына» қоры арқылы церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды емдеуге 870 млн теңге бөлінеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы қордың төрағасы Болат Жәмішев Орталық коммуникациялар қызметінде айтты.

«Ерте араласу орталықтарын жабдықтау жобасына біз серіктес рөлінде қатысып жатырмыз. «Самұрық-Қазына Трастпен» бірге 13 қаладағы орталықты жабдықтауға 870 млн теңге бөлеміз. Бұл негізінен церебральды сал ауруы диагнозы қойылған балаларға бағытталады. Аурулардың қандай да бір күрделі салдары болмауына, жүріп-тұруға барынша бейімделіп, кейбір қарапайым тапсырмаларды орындау арқылы өз құрдастарынан қалыспауға күш салынады. Бұл мәселені шешу үшін тиісті орталықтар болуы керек», - деді қоғамдық қордың басшысы.

Сондай-ақ, ол Қазақстанда ондай орталықтар аз екенін атап өтті.

«Қазір біздің порталға осындай орталықтарды құру туралы қосымша өтінімдер келіп түсіп жатыр. Өйткені мұндай балалардың ата-аналары облыс орталықтары мен қалаларда ғана тұрмайды. Сондықтан, бұл бағдарламаның жалғасы болады.

Мұндай орталықтарды «Қамқорлық қоры» сияқты қордың көмегінсіз құру мүмкін емес еді. Олар қазірдің өзінде осындай 7 орталықты құрды. Бұл орталықтар кейін жергілікті әкімдіктердің баласына өтеді», - деді Болат Жәмішев.

Бұған дейін «Қазақстан халқына» қоры сал болып қалған балаларға экзоскелет сатып әперетіні айтылды.


Соңғы жаңалықтар