Cенаторлар Қостанайда көшпелі отырыс өткізді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары өндіріс ошақтарын аралап, аймақтың даму жоспарымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті ауыл шаруашылығы нысандарын субсидиялау мәселелері бойынша көшпелі отырыс өткізді. Шараға сенаторлар Аңсар Мұсаханов, Бекмырза Еламанов, Мұхтар Жұмағазиев, Дүйсенғазы Мусин, Әбдәлі Нұралиев қатысты.

«Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру қажеттігін айтты. Ал қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің көпшілігі салық салу, субсидиялау жөніндегі жаңадан енгізілген ережелерді біле бермейді. Содан соң мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласында қабылдаған шешімдеріне байланысты сұрақтар туындап жатады. Бұл салалық министрліктің жергілікті билік органдарындағы заңнаманы түсіндіру жөніндегі қалыптасқан жұмыстардың жоқтығын көрсетеді. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаратын шаруамыздың бірі осы болмақ», - деді комитет төрағасы Жеңіс Нұрғалиев.

Сенат депутаттары еңбеккерлердің мәселелерін тыңдады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің өкілдері субсидиялау мен салық салу бойынша туындаған мәселелерді көрсетіп отырды.

«Ауыл шаруашылығы органдарымен қатар, салық органдары да ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. Ортақ жұмыс арқылы ғана жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз»,- деп атап өтті Ж.Нұрғалиев.

Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов өз баяндамасында ауыл шаруашылығында соңғы жылдары болған өзгерістер туралы айтты.

«Осы екі-үш жылдың көрсеткіштерін алып қарасақ, агроөнеркәсіптік кешенде айтарлықтар ілгерілеушіліктер бар, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Техникалық қайта жарақтандыру, кәсіпорындарға инновациялық технологияларды енгізу сияқты мәселелер шешімін тапты. Өткен жылмен салыстырғанда инвестициялық салымдар 20%-ға өсті. Негізгі капитал 42 млрд теңгені құрады. Биыл бидай алқаптары 106 мың гектарға қысқарып, жем-шөп қорын әлдеқайда ұлғайтуға мүмкіндік берілді», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Сенат комитетінің төрағасы Ж. Нұрғалиев басқосуда айтылған өзекті мәселелер мен ұсыныстар Парламенттің және ауыл шаруашылығы министрлігінің жұмысында талқыланатынына сенім білдірді.

Депутаттар Рудный қаласындағы «Жас қанат - 2006» ЖШС құс фабрикасының жұмысымен танысты. Мұнан соң «Соколов-Сарыбай кен байыту өндіріс бірлестігі» АҚ, «СарыарқаАвтоПром» АҚ қызметкерлерімен кездесті. 1997 жылдан бастап Қазақстан мен Ресей нарығында жоғарғы жеткістіктерге жетіп жүрген «Милх» ЖШС жұмысына халық қалаулылары тарапынан жоғары баға берілді.

«Біздің серіктестік сүн өнімдерін шығару және сүтті қайта өңдеу қызметімен айналысады. Өндіріс қуаттылығы 30 мың тоннаға дейін жетеді. Қазіргі кезде 241 адам жұмыс істейді», - деді «Милх» ЖШС директоры Сергей Блок.

Парламентшілер А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесу барысында ғылыми жетістіктер мен инновациялық жобаларды ауыл шаруашылығы саласына енгізу мәселелерін қарастырды.

null

Соңғы жаңалықтар