Cемейде 300-ге жуық тұрмысы төмен отбасының үйіне улы газды анықтайтын датчик орнатылды

Фото:
СЕМЕЙ. ҚазАқпарат – Семей қаласында жылыту маусымы басталғалы бері 300-ге жуық тұрмысы төмен отбасының үйіне улы газды анықтайтын датчик орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жер үйде пеш жағып отырған халықтың көміртегі тотығымен улануының алдын алу үшін бірқатар шара атқарылуда.

«Осындай жазатайым оқиғалар пеш пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан болып жатады. Демеушілердің қаражаты есебінен Семейдегі әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын датчиктер орнатылуда. Жылыту маусымы басталғалы бері 300-ге жуық датчик орнатылған», - делінген ақпаратта.

2019-2021 жылдары аралығында қала бойынша осындай 467 датчик орнатылған.

«Биылғы жылыту маусымында Семейде көміртегі тотығынан 27 адам зардап шеккен. Қалалық ТЖД тұрмысы төмен 843 отбасын есепке алды. Осы бағыттағы жұмыс үздіксіз жалғасады», - делінген хабарламада.


Соңғы жаңалықтар