Цемент импортына рұқсат берілуі мүмкін

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Цемент бағасы түспесе, импортқа рұқсат берілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы халық алдындағы есептік кездесуіннен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.

«Елімізде 12 цемент өндіруші бар. Жыл сайын 15 млн тонна цемент өндіреді. Ал тұтыну көлемі – 9,5 млн тоннаның маңайында. Өндіруші бағаны ары кетсе 5 пайыз ғана көтерген. Қалған өсімнің бәрі алып сатқыштар мен сауда компанияларының тарапынан болғанын көріп отырмыз. Біз өз кезегімізде Бәскелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жүгіндік. Олар нарықтағы бағаны тексереді. Қазір солармен бірге талдау жасап жатырмыз. Соның қорытындысы бойынша әкімшілік шаралар қабылданады», - деді Бейбіт Атамқұлов.

Министр бағаны ырыққа көндіру үшін реттеу тетіктері іске қосылатынын ескертті.

«Егер агенттіктің тексеруі кезінде бағаны қолдан өсіру анықталса, министрлік цемент импортына рұқсат енгізеді. Осылайша ішкі нарықта цементтің ұсынысы көбейеді. Бұл автоматты түрде бетонның құнына, құрғақ қоспалардың құнына әсер етеді. Осылайша импорттық интервенция есебінен бағаны түсіре аламыз. Біз қабылдай алатын ақтық шара осы болады. Ал алдын ала келісіп алу, сыбайластық туралы айтсақ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің тексеруі бәрін анықтайды. Ол туралы қосымша хабарлаймыз», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар