Целиноград ауданында «Жастар жылын» бастап кетті - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Целиноград ауданында «Жастар жылының ашылуы - 2019» атты жастар форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 қазандағы «Қазақстандықтардың əл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп атауды ұсынып, үлкен сенім артып, жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау - мемлекеттік саясатының басымдығына айналуы қажеттігін атап өткен болатын.

Целиноград аудандық мәдениет үйінде аймақтың белсенді жастары бас қосқан форумды аудан әкімі Малғаждар Тәткеев мемлекет өз кезегінде білім беру, денсаулық сақтау, ғылым, шағын және орта бизнесті дамыту, мәдениет пен спортты қоса алғанда, әртүрлі салаларда қамқорлық пен қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.

«Еліміздің жеткен жетістіктеріне жастардың қосып отырған үлес зор. Целиноград ауданында да белсенді жастар аз емес. Жалпы, жастар саясаты шеңберінде жүзеге асырылып жатқан барлық іс-шаралар мемлекеттің дамуына бағытталған», - деді аудан әкімі.

Форумда талқыланған негізгі тақырыптар күні кеше жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы, жастар саясатының жүзеге асырылуы мен өзге де өзекті мәселелердің тиімді тетіктері мен олардың шешу жолдарын қарастырды.

Сонымен қатар, жиында Целиноград аудандық мәслихатының депутаты Индира Сәбенова, халықаралық журналистер одағының мүшесі Жарқынбек Жұмәділ, «100 жаңа есім» жобасының қатысушысы Айтмұхамед Қалмаханов, «Зерде» ҚҚ төрайымы Самал  Мусина, аудандық дебат клубының жетекшісі Жасұлан Музарапшин баяндама жасап, аудан жастарын белсенді болуға шақырды.

Шарада ауданның әлеуметтік-қоғамдық өмірінде белсенділік танытып, жастар саясатының дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқаттар жастар аудан әкімі атынан марапатталды. Жастар форумының соңы жастарды Елбасы Жолдауын қолдауға шақырған үндеумен аяқталды. Форумның соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Соңғы жаңалықтар