Capital Bank Kazakhstan салымшылары алдындағы міндеттемелер 85% орындалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшылары алдындағы өз міндеттемелерін 85% орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (Қор) агент банк ретінде таңдап алынған «Еуразиялық банк» АҚ арқылы «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына 1,4 млрд астам теңге төледі. Бұл банк салымшылары алдындағы міндеттемелердің жалпы көлемінің 85%-ын құрайды.

Кепілдік берілген өтемді төлеу соңғы күнін қоса алғанда 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін жалғасады. Қор әлі өтем алмаған салымшыларға агент банктің кез келген бөлімшесіне барып, өтем төлеу жөніндегі өтінішті толтыруға кеңес береді.

Агент банк кепілдік берілген өтемді алу жөніндегі өтінішті тек Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ғана емес, Қазақстанның басқа да елдімекендерінде орналасқан бөлімшелері арқылы қабылдайды. Ақпарат www.eubank.kz ресми сайтында қолжетімді.

Айта кетейік, кепілдік берілген өтем банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларының депозиттеріндегі қалдық сома шегінде төленеді. Бұл ретте кепілдік сома:

теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;

теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;

шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні – 2021 жылғы 25 маусымда белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).

«Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген лимиттер ескеріледі. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті сома жоғарыда көрсетілгеніндей валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды.

Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді.


Соңғы жаңалықтар