БЖЗҚ зейнетақы жинағын пайдаланушыларға ескерту жасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшылар алаяқтардың фишингтік шабуылдарына ұшырап жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«БЖЗҚ» АҚ баспасөз қызметінің орталығының хабарлауынша, алаяқтар жіберетін хаттарда күдік тудыратын сайттарға сілтемелер тіркеліп, зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалануға рұқсат берілгендігі айтылады.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры «Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін «Отбасы банкіндегі» арнайы шотқа аудару туралы» деген мазмұнға ие жіберілімдер жасалмайтынын ресми түрде мәлімдейді. БЖЗҚ сонымен қатар салымшыларға (алушыларға) біржолғы зейнетақы төлемдерін аударуға қатысты ешқандай хабарлама жібермейді және салымшының ешқандай дербес деректерін сұрамайды», - делінген хабарламада.

БЖЗҚ бейтаныс сайттарға күдікті сілтемелер бойынша өтпеу туралы ұсыным жасап, қатаң ескертеді. Ақпаратты тек БЖЗҚ-ның ресми сайтында және уәкілетті операторлар болып есептелетін банктердің интернет-ресурстарында тексеру қажет.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2021 жылдан елімізде «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылатынын айтты.

2021 жылы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалануға қатысты заңға қол қойды.

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін жаңартылған «жеткіліктілік шегі» жарияланды. Зейнетақы жинағынан алуға болатын сома БЖЗҚ сайтында автоматты түрде көрсетіледі.

23 қаңтардан Қазақстанда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталды. Арнайы порталда зейнетақының бір бөлігін алуға өтінім қабылдау басталғалы үш сағаттың ішінде 4 мыңнан астам адам өтініш берді.


Соңғы жаңалықтар