БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірісі неліктен төмендеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат-БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі алдыңғы кезеңдердегі орташа мәндермен салыстырғанда төмендеп, 6,55%-ды құрады.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынхановтың Зейнетақы қорының активтерін басқару ісінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамасында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2022 жылға арналған БЖЗҚ активтерін басқарудағы нәтижелер туралы

2022 жылдың қорытындысы бойынша, Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі алдыңғы кезеңдердегі орташа мәндермен салыстырғанда төмендеп, 6,55%-ды құрады. Мұның бірқатар объективті себебі бар: қазақстандықтарға тиесілі ақшалай жинақтардың кірістілігіне әлемдегі екіұшты геосаяси және экономикалық жағдай айтарлықтай әсер етті. Бірақ 2022 жылдың басынан есептелген инвестициялық кірістің мөлшері 914,1 млрд теңгені құрағанын, яғни, өткен жылдың қорытындысы бойынша активтердің кірістілігі оң болған.

2022 жылы БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің құнына әсер еткен факторлар туралы

2022 жылы жоғары инфляция жағдайында көптеген елдердің орталық банктері монетарлық саясатты күшейтуге мәжбүр болды. Оның соңы барлық активтердің кластық құнын төмендетуге алып келді. Мысалы, өткен жылы көптеген әлемдік индекстер теріс мәндерді көрсетті: MSCI World Index акцияларының индексі 19,5%-ға, АҚШ қазынашылық облигацияларының индексі 7,6%-ға, корпоративтік облигациялар индексі 15,8%-ға, дамушы нарықтар облигацияларының индексі 15,3%-ға төмендеді.

Осылайша, нарықтағы негативті қайта бағалау үрдісі шетелдік және қазақстандық эмитенттердің облигациялары мен акцияларын қамтитын БЖЗҚ зейнетақы активтері портфелінің құнын түсірді.

БЖЗҚ активтерін басқару бойынша жүргізіліп жатқан инвестициялық саясат туралы

Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің сенімді басқарушысы ретінде теңгерімді инвестициялық саясат жүргізеді. Яғни, біз валюталар, елдер, секторлар мен эмитенттер бойынша қаржы құралдарының әр түріне инвестиция саламыз. Басқаша айтар болсақ, «жұмыртқаның барлығын бір себетке салмаймыз». 2022 жылы көптеген халықаралық институционалдық инвесторлар активтерді басқаруда теріс нәтижелерге кезігіп, айтарлықтай шығынға ұшырап жатса, біз әлемдегі теріс макроэкономикалық жағдайға қарамастан, номиналды түрде зейнетақы активтерінің оң кірістілігін көрсеттік. Яғни, біз ұстанып отырған әртараптандыру ісі оң нәтиже берді.

Белгілі бір қысқа мерзімде алынған зейнетақы активтерінің кірістілігі оларды басқару тиімділігін көрсетпейтінін түсінген жөн. Зейнетақы активтері ұзақ инвестициялық аралықпен сипатталады және оларды инвестициялаудың негізгі мақсатының бірі – ұзақ мерзімді кезеңде нақты кірістілік алу. Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің орнықтылығы тұрғысынан ұзақ уақыт кезеңіндегі кірістілік пен инфляция көрсеткіштерін қарастырған жөн.

2023 жылы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру бойынша жоспарланған шаралар туралы

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау соңғы 2 жылда салымшылардың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуымен шектелді, олардың көлемі 2021 жылғы ақпаннан бастап шамамен
3,5 трлн теңгені құрады.

Зейнетақы активтерінің қазіргі мөлшерін және олардың жыл сайынғы өсімін ескере отырып, активтердің осындай едәуір көлемін басқару портфельді тиісті түрде әртараптандыруды талап етеді. Бұл инвестициялардың географиясы мен қаржы құралдарының тізімін кеңейтуге, инвестициялық портфельдің сапасы мен өтімділігін, сондай-ақ ұзақ мерзімді кезеңдегі кірістілікті арттыруға мүмкіндік беретін валюталық позицияны қолдауды да қамтиды.

БЖЗҚ активтерін әртараптандыру туралы

Биыл біз БЖЗҚ зейнетақы активтерін әртараптандыруды, оның ішінде валюталық позицияны шамамен 30% деңгейінде ұстап тұру есебінен әртараптандыруды жалғастырамыз. 2016 жылдан бастап зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 17%-дан 2019 жылы 33%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайтылды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, БЖЗҚ портфеліндегі валюталық активтердің үлесі зейнетақы активтерінің өсуі аясында, оның ішінде инвестициялық кіріс есебінен төмендеп, 28,4%-ды құрады.


Соңғы жаңалықтар