БЖЗҚ зейнетақы активтері 14,8 трлн теңгеге жетті

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаңтар айының соңында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері 14,8 трлн теңгені құрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов бүгінгі Үкімет отырысында айтты.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бастап 224 млрд теңгеге немесе 1,5%-ға ұлғайып, қаңтар айының соңында 14,8 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бастап инвестициялық кіріс көлемі 66,2 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 156,1 млрд теңге, зейнетақы төлемдері – 21 млрд теңге, мерзімінен бұрын алу сомасы – 11,4 млрд теңге болды», - деді Ұлттық банк өкілі.

Спикердің айтуынша, зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі шоғырландырылған сәттен бастап 116,9%-ды құрады.

Айта кетейік, қаңтар айында теңгенің долларға қатысты бағамы 460,52 теңгеге дейін 0,5%-ға нығайды. Теңге бағамы әлемдік нарық пен геосаяси жағдайларға байланысты болады.

Сонымен бірге, Қазақстанда іскерлік белсенділік жақсара бастады.


Соңғы жаңалықтар