БЖЗҚ салымшыларды өз атында бірнеше есеп-шот тіркелмегенін тексеріп алуға шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы Астана қаласы бойынша 120 есеп-шоттың иесі табылған. Оларда жалпы соммасы 794 890 теңге сақталған. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында иесіз жатқан ондай есеп-шоттардың саны 500 мыңға жуықтайды. Осыған байланысты ҚазАқпарат тілшісі қорға ресми сауал жолдап, осы санаттағы есеп-шоттарға тиесілі ақшаның соммасын жариялауды сұраған еді. Қор нақты сомманы көрсетпесе де, ол ақшаның көп екенін растады.

«Қазақстанда жинақтаушы зейнетақы жүйесі 1998 жылы 1 қаңтарда енгізілді. Осы күннен бастап жұмыс істейтін барша қазақстандықтар жинақтаушы зейнетақы қорындағы өздерінің жеке зейнетақы шоттарына айлық жалақыларының 10 пайызын міндетті түрде аудара бастады. Сонымен қатар, олар ерікті түрде зейнетақы аударымдарын да жасауға мүмкіндік алды. Сұрақта көтерілген мәселе де осы алғашқы жылдардан бастап туындады. Неге десеңіз, 1998 жылдан бастап Қазақстанда Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры мен бірқатар мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары құрылды.

Сол кезде жұмыскер басқа, қандай да бір зейнетақы қорымен шарт жасамаған болса, жұмыс беруші оның міндетті зейнетақы жарнасын автоматты түрде Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорына аударып отырған. Осылайша, 1997 жылы 20 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңының талаптарына сәйкес салымшымен қағаз жүзінде келісімшарт жасалмаса да, оның міндетті зейнетақы жарналары аударылып отырды. Мінеки, осындай жолмен мыңдаған жеке зейнетақы шоттары ашылды. Ал, көп адам өз атына Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорында осындай шоттардың ашылғанынан тіпті бейхабар болды. Бұл шоттарға 2003 жылға дейін міндетті зейнетақы жарналары түсіп тұрды деуге болады. Ал, 2003 жылдан бастап жұмыскерлерге, сондай-ақ жаңадан жұмысқа тұрушыларға ең алдымен өз еріктерімен міндетті түрде қандай да бір зейнетақы қорымен шарт жасасу талабы қойылды. Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорында автоматты түрде ашылған жеке зейнетақы шоттары сол күйінде қалып қойды»,-делінген БЗЖҚ-ның ресми жауабында.

Ресми ақпаратқа сәйкес, көптеген жинақтаушы зейнетақы қорларында салымшының жеке мәліметтері (аты-жөні, тегі, салық төлеушінің тіркеу нөмірі, әлеуметтік жеке код және т. б.) қате жазылған шоттар да болды. Өйткені ол кезде шарттар көп жағдайда қолмен толтырылды. Салымшы кейін дұрыс деректемелері бойынша басқа қормен жаңадан шарт жасасқанда, бұрынғы шоты жабылмай қалып қойып жатты. Тіпті, шоттарындағы зейнетақы жинақтарын алмастан шетелге қоныс аударған азаматтар да жетерлік. «Мінеки, зейнетақы активтерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына шоғырландырғанға дейін осы тектес шоттардың саны шамамен 850 мыңдай болды. Жинақталған зейнетақы жинақтарының сомасы да аз емес», - дейді қор мамандары.  

Осы уақытқа дейін мыңдаған есеп-шоттар өңделіп, иелері табылды. Дегенмен, әлі күнге дейін өңделмеген 495 мыңдай жеке зейнетақы шоты қалды. «Айта кетелік, бұл жеке зейнетақы шоттарындағы жинақтар бюджетке аударылған жоқ. Оларға міндетті зейнетақы жарналары түспесе де, күні бүгінге дейін күн сайын инвестициялық табыстар түсіп жатыр. Оларды автоматты түрде жабуға болмайды. Сондықтан, қазақстандықтарды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына келіп, өздерінің немесе туған-туыстарының атына ашылған жеке зейнетақы шоттарын тиісті құжаттар негізінде тексеруге шақырамыз», - делінген ресми xабарламада.

Соңғы жаңалықтар