БЖЗҚ-ның бұрынғы басшысы Ерденаев 12 жылға сотталуы мүмкін

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «БЖЗҚ» АҚ ісіне байланысты сот барысында  прокурор экс-төраға Руслан Ерденаевты 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды Қазақпарат тілшісі.

Аталған іс бойынша 6 адам жауап беруде.

«Руслан Ерденаевты ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлімі бойынша,  366-бабының 4-тармағы бойынша айыпты деп тауып, 12 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығаруды сұраймын. Бұдан бөлек оған Ұлттық банкте, квазимемлекеттік секторда жұмыс жасауға тыйым салынсын.

Сондай-ақ, қылмыстық жолмен табылған  232 млн 782 мың теңге болатын мүлкін тәркілеуді сұраймын», - деді прокурор.

Сонымен қатар,  мемлекеттік айыптаушы Дабыр Медетбековке («БЖЗҚ» АҚ төрағасының экс-орынбасары) 11 жыл, Мұса  Бахтовқа («БЖЗҚ» АҚ департмент басшысы) - 7 жыл сұрады.

«Бузгул Аурум» ЖШС  басшысы Бақытжан Кенжебаевқа  8 жыл, «Бузгул Аурум» ЖШС экс-директоры Азат Найзағаринге 10 жылға бас бостандығынан айыру сұралды.

Прокурор «МегаТрансАзия» ЖШС басшысы Талгас Тұртаевты 1 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды.

Сонымен қатар, прокурор Ерденаевтан,  Медетбековтен, Бахтов пен  Кенжебаевтан 5 млрд тенге өндіру туралы өтініш білдірді.

Айта кетейік, 9 қаңтарда БЖЗҚ басшылары қамауға алынды: БЖЗҚ басқарма төрағасы Руслан Ерденаев, «БЖЗҚ» АҚ тәуекелдерді басқару департаментінің қаржылық тәуекелдер басқармасының басшысы Мұса Бахтов, «Алатау Мұнай Алтын» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Бақытжан Кенжебаев және «Бузгул Аурум» ЖШС директоры Азат Найзағарин. Оларға ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің, 2-тармағы (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) бойынша айып тағылды. Аталған іспен Ұлттық қауіпсіздік комитеті айналысты.

Соңғы жаңалықтар