БЖЗҚ ісі: экс-есепші күмән туғызған мәміле қалай жасалғанын айтып берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - БЖЗҚ ісі бойынша сотта қордың бұрынғы бас есепшісі күмән туғызған мәміле туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Бас сот процесінде бұрынғы бас есепші Армида Қуатова куәлік етті.

«Жалпы, бізде кез-келген мәміле жасалмас бұрын Инвестициялық талдау департаменті құжат дайындайды, кейін бұл іспен Тәуекелдерді басқару департаменті айналысады. Бұдан соң материалдар инвестициялық комитетке жіберіледі. Инвестициялық комитет қашықтан немесе бетпе-бет жиналыс өткізеді.

«Бузгул Аурум» ЖШС-мен мәміле туралы айтар болсам, қорға Ерденаевтың атына инвестициялау туралы шақырту хат келді. Құжаттардың бәрі электронды түрде келді. Бұл мәміле бойынша бетпе-бет кездесу болмады. Талдау департаментінің бұл жобасын Тәуекелдер департаменті мақұлады», - деді «БЖЗҚ» АҚ бас есепшісі Армида Қуатова.

Қуатованың айтуынша, «Бузгул Аурум» ЖШС мен «БЖЗҚ» АҚ мәмілесі туралы талдауда компанияның табысы жоғары екендігі айтылған.

«Кейінірек желтоқсанда компанияда аудит басталғанда барлығы анықтала бастады. Талдау департаменті тек қана мақұлдау құжатын шығармаған екен. Терістеу құжаты да болған. Бізден тергеу орындары құжаттарды сұрастырғанда, барлық қағаздарды қарап шықтым. «Бузгул Аурум» ЖШС-ның басшысынан хат келген. Кездесулер, отырыстар өткен. Оған бізді шақырмады», - деді Қуатова.

Айта кету керек, сот процесінде прокурор бас есепшінің бастапқы түсініктемесін оқыды. Онда Қуатова Медетбековті «облигация сатып алуға итермелеген адам Медетбеков» деп көрсеткен.

«Іс жүзінде барлық жұмысты Медетбеков қадағалап отырды. Қордың қаржылық құралдарын инвестициялау бойынша жұмысы Медетбековтің бақылауында болды. Инвестиция жасау туралы идеяны сол ұсынды деп қызметкерлер де айтып жүрген. Кез-келген мәміле Медетбековтің алдынан өтетін», - деді ол.

Айта кетейік, жыл басында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаменті БЖЗҚ-ның құны 5 млрд теңге болатын келісімшартын тексерді. Ұлттық банктің қатысуымен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның әрекетін тексеру өткен жылдың 21 желтоқсанынан басталған. 

Алмалы аудандық соты 2017 жылдың 9 қаңтарында «БЖЗҚ» АҚ экс-төрағасы Руслан Ерденаевқа, «БЖЗҚ» АҚ тәуекелдерді басқару департаментінің басшысы Мұса Бақытовқа, «Алатау Мұнай Алтын» АҚ бақылау кеңесінің төрағасы Бақытжан Кенжебаевқа, «Бузгул Аргум» ЖШС директоры А.Найзағаринге қатысты бұлтартпау шарасын тағайындаған болатын. Кейінірек аталған іске қатысы  бар деген күдікпен «Мегатрансазия» ЖШС директорының орынбасары Т. Тұртаев пен «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Д. Медетбеков қамауға алынған еді.

Сотқа дейінгі тергеу орындары Р.Ерденаев пен өзге де тұлғаларға меншікке қатысты ҚР ҚК 189-бабының 4-тармағы бойынша ауыр қылмыс жасады деп айып тағылып отыр.

Соңғы жаңалықтар