БЖЗҚ бір ғана монополия аясында қалмауы керек - Азат Перуашев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Азат Перуашев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының монополиясына қарсы шығып, мәселе көтерді.

Айта кетейік, жалпы отырыста депутаттар базалық зейнетақы тағайындау тәртібіне арналған құжатты мақұлдаған болатын.

Депутаттың пікірінше, бүгінгі күні Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттардың тиімді жұмсалуы басы ашық мәселе күйінде қалып отыр. «Бұл ретте БЖЗҚ қаражатын пайдалану тәртібін талқылауға қайта оралу қажет деп санаймын, бізде бір ғана мемлекеттік қордың монополиялық жағдайы тиімсіздікке үлкен тәуекел тудыратындықтан, оған үш-төрт күшті қорларды қосу арқылы бәсекелестік қағидатын қалыптастыру керек», деп санайды А. Перуашев.

Оның айтуынша, алдағы уақытта түрлі әлеуметтік төлемдердің болуы бизнеске қосымша жүктеме салады. Бұл ретте депутат қосымша зейнетақы аударымдарына қатысты мәселе түсінікті екенін айта келе, бизнес қауымдастық тарапынан медициналық сақтандыру қорларына жасалуы мүмкін төлемдерге алаңдаушылық бар екенін жеткізді.

«Ерте бастан айтайын, бұндай бірін бірі қайталай беретін сызбаның қажеттілігі шамалы. Біз бизнесті дамытуды ынталандыратын, салық салу базасын арттыратын сауатты экономикалық тетік керек деп есептейміз. ДСҰ мен ЕАЭО аясындағы бәсекелестік жағдайында біздің бизнес қосымша жүктемелерге емес, керісінше қолдау шаралары мен сауатты экономикалық басқаруға мұқтаж», -деді Азат Перуашев.

Осыған байланысты, депутат Қазақстанның зейнетақы жүйесі ел экономикасының «түпсіз күбісіне» айналып кетпесін деген қаупін жеткізді. «Бүгін мәжбүрлі шара десек, онда түсінуге болады. Дегенмен, біз қаражаттың қай бағытқа кететінін білуге тиіспіз. Сондықтан да, зейнетақы қорының шығыс бөлігіне қатаң бақылау керек», деді ол.

Еске салайық, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасында зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгертіледі, атап айтқанда, бұл өзгеріс 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асады.

Соңғы жаңалықтар