БЖЗҚ 150 мың теңге өтемақы туралы ақпаратты жоққа шығарды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инфляцияға байланысты 150 мың теңге мөлшерінде өтемақы төленетіндігі туралы ақпаратты тағы да жоққа шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өткен айда өз салымшыларын зейнетақы қорының инфляцияға байланысты салымшылар мен алушыларға 150 000 теңгеден төлеп жатқандығы туралы WhatsApp арқылы таратылған ақпараттың шындыққа жанаспайтындығы жайында ескерткен болатын. Осындай таратылымдардың жиілеп кетуіне байланысты, қор барлық салымшылар мен алушыларды бейресми дереккөздерден таратылған ақпараттарға сенбеу керектігін ескертеді және көпе-көрінеу жалған ақпаратты таратқан адамның заң бойынша жауапқа тартылатындығын еске салады», - деп мәлімдеді қордың баспасөз қызметі.

БЖЗҚ өкілдері Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз ететін бірегей мемлекеттік кепілдік моделі жұмыс істейтіндігін айтады. Заңға сәйкес, зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде мемлекет алушының жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляция деңгейін ескере отырып, оның атына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

«Қор барлық салымшылар мен алушыларды әлеуметтік желілер арқылы таратылатын әр түрлі хабарламаларға сын көзбен қарап, тек ресми ақпарат көзінен алынған ақпараттарға ғана сену керектігін ескертеді», - дейді БЖЗҚ өкілдері.

Соңғы жаңалықтар