«БЖК-2020»: Ақтөбелік кәсіпкерлер несиені субсидиялау тетігін тиімді пайдалануда

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбелік кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы несиені субсидиялау тетігін тиімді пайдаланып жатыр. Бірі «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан мектепті жиһазбен жабдықтаса, екіншісі балаларға оқу орталығын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

null
Ақтөбеде «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы кәсіпкерлердің жұмысын жандандыра түсті. Мәселен, кәсіпкер Серік Ермағамбетов жаңа мектептерді жиһазбен жабдықтау жұмыстарын аяқтауда. Ол «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы екінші дейгейлі банктен алған несиені субсидиялады.

«Жиһаз жасау цехын жаңарту үшін екінші деңгейлі банктен несие алып, несиенің пайыздық үстеме ақысы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы субсидияланды. 7 пайызын - өзім, ал 7 пайызын мемлекет өтеп отыр. Қаржыға жаңа құрал-жабдық сатып алдым. Тағы 6 адамға жұмыс орны ашылды. Тапсырыс бар, мемлекеттік сатып алу арқылы жаңа мектептерді жиһазбен жабдықтап жатырмын. Мәселен, «Батыс-2» ауданындағы 320 орынды мектеп «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынды. Біз сол мектепті заманауи жабдықпен, жиһазбен қамтамасыз етеміз. Қазір орындықтар мен парталарды құрастыру, арнайы кабинеттерді жабдықтау жұмысы жүріп жатыр. Жалпы бір мектепті екі айда түгел жабдықтай аламыз»,- деді кәсіпкер Серік Ермағамбетов.
null 

Жиһаз жасауға қажетті ағаш бұйымдар Ресейден, ал бекітпелер Польшадан жеткізіледі. Жаңа цехқа 20 миллион теңгенің жаңа құрыл-жабдығы сатып алынды. Кәсіпкер осы жолмен екі балабақша мен екі мектепті жабдықтады. Бұл құрал-жабдық жиһаз сапасын арттыруға, жаңа талаптарды орындауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырысты орындаудың өз талабы бар. Алдымен кәсіпкер өз қаржысына жиһаз жасап, комиссияға тапсырады, кейін қаржы аударылады. «Мектептерді жиһазбен жабдықтау кезінде жергілікті цехтарға басымдық берген абзал. Кейде дайын өнімді ресейлік кәсіпкерлер жеткізіп береді. Ал жергілікті жиһаз цехтары дәл сол сапаға кепілдік бергенімен бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Алдағы уақытта мектептерді жабдықтау жұмысын жалғастырғымыз келеді»,- деді кәсіпкер.
null 

Айта кетейік, Ақтөбе облысында 21 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 14 биыл пайдалануға беріледі.

Ал балаларға оқу орталығын ашқан Шолпан Хаймулдиева екінші деңгейлі банктен алған 28 миллион теңгені «Даму» қорының Ақтөбе облыстық филиалы арқылы субсидиялады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарлама аясында кәсібін бастаған мұғалім балаларды мектепке дайындап, ағылшын тілін үйрету курстарын ашты. Ақтөбеде математика пәнінен дәріс алатындар да жиеледі.

«Мемлектеттік бағдарлама кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Екінші деңгейлі банктен алған несие субсидияланды. Алдағы уақытта қаланың бірнеше жерінен орталық ашып, бұл жұмысты жетілдіруді көздеп отырмын. Тағы да «Даму» қорына барып, мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне жүгінемін»,- деді Шолпан Хаймулдиева. Қазір мұнда 50 бала білім алып жүр. Алдағы уақытта білімін жетілдіретін балалардың қатары артуы мүмкін. 

Соңғы жаңалықтар