Бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған 183 ұсыныс әзірленді - Жазықбаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған 183 ұсыныс әзірленді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның атап өтуінше, мемлекет аппаратының қызметін бюрократиядан арылту бағытында денсаулық сақтау, білім беру, еңбек, әлеуметтік қорғау салаларында талдау жүргізіліп, нәтижесінде мемлекет аппаратының жұмысын мейлінше адамға бағдарланған сервистік сипатта қалыптастыруға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған 183 ұсыныс әзірленді. Бұған қоса, жалпы мемлекеттік органдардың жұмысында көп кездесетін ішкі әкімшілік рәсімдеріне кешенді мониторинг жүргізілді.

«Бұл жұмысқа әртүрлі сала мамандарынан, азаматтық қоғам өкілдерінен және сарапшылардан құралған жалпы саны екі мыңға жуық адам қатысты. 2023 жылы қаржы-экономика саласына талдау жүргізу жоспарлануда», – деді агенттік басшысы.

Дархан Жазықбаевтың дерегінше, агенттік жанында мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылардан құралған Сервистік мемлекет аппаратын қалыптастыру және оның қызметін бюрократиядан арылту мәселелері жөніндегі консультативтік-сараптама тобы жұмыс жасайды. Консультативтік-сараптама тобының мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту бойынша өзекті мәселелерді жан-жақты талқылау жұмысы нәтижесінде 40-қа жуық ұсыныс мемлекеттік органдарға жолданды.

«Мәселен, жолданған ұсыныстар әзірленіп жатқан Цифрлық кодекстің жобасында ескерілетін болып шешілді. Топтың ұсынысы бойынша «Электронды үкімет» порталында жұмыс істемей тұрған 30-ға жуық қызмет қалпына келтірілді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар