Бюджеттік ұйымдарға биоқазандық орнатудан 300 млн-ға жуық теңге үнемделмек - СҚО

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымына әзірлік жоспар бойынша атқарылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құмар Ақсақалов жылыту маусымына дайындықты пысықтау мақсатында әкімдік отырысын өткізіп, тиісті ведомстволардың есебін тыңдады.

Биыл облыс орталығын жылумен қамтуда мәселе туындамауы тиіс. Петропавлдың барлық ықшамаудандарында бір температура болады. Өңір басшысының айтуынша, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ қондырғыларын жаңарту мақсатында соңғы үш жылда 16 млрд теңге бөлінді. Биыл 12 қазандық пен 7 турбинаны жөндеуге, трансформаторды ауыстыруға, жылу коллекторларын жаңғыртуға қосымша тағы 7 млрд теңге берілді. Электр энергиясының өндірісі де сағатына 235 млн кВт артпақ. Нәтижесінде кәсіпорын жылына 1,3 млрд теңге салық төлейтін болады.

Биыл Петропавлда бірнеше шақырым жылу желісі де жөнге келтірілді.

Жылу желілерін жөндеу жұмыстары ауылдық жерлерде де жүргізіліп жатыр. Саумалкөл, Бескөл, Тимирязев елді мекендерінде және Мамлютка, Тайынша қалаларында орталық қазандықтардың ауыстырылып, жөнделуі нәтижесінде 13 мыңнан астам тұрғынның баспанасын жылыту мәселесі шешіледі.

«Орталықтандырылған жылыту жүйесіне 53 көппәтерлі үйлерді қосамыз. Екі мыңнан астам тұрғынның өмір сүру сапасы жақсарады. Бұл мақсатқа 592 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ жай қазандықтарды биоқазандықтарға ауыстырып жатырмыз. Бюджеттік ұйымдардың 43-іне қойылды, нәтижесінде 220 млн теңге қазынада қалды. Биыл тағы 17-сін орнатпақшымыз. Осылайша 50 млн теңге тұратын 6 мың тонна көмірді үнемдейміз», - деді Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар