Бюджеттік мекемелерде энергияны тиімді тұтыну тәртібі бекітілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әділет министрлігінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2016 жылы Бүкіләлемдік банк «энергияны үнемдеу» талабы бойынша әлемнің 111 еліне бағалау және талдау жүргізіп көрген болатын. Талдау қорытындысына сәйкес, Қазақстан «Бюджеттік және мемлекеттік секторда энергия үнемдеуді реттеу» индикаторы бойынша төмен баға алды», - деді Әділет министрлігінде өткен ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов.

Осыған байланысты министрлік мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда бірқатар шараларды қолға алуды ұсынып отыр.

«Алдымен, қатаң реттеуді қолға алу керек. Атап айтқанда, бюджеттік мекемелерде энергияны тұтыну нормативтерін бекіту, оны сақтамаған басшылардың жауапкершілігін күшейтуді ұсынамыз. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, энергия үнемдеу жүйесінің кең тараған құралдарының бірі - энергоаудит. Осы уақытқа дейін жүргізілген 525 энергоаудит қорытындысы бекітілген ережелердің орындалмай жатқанын көрсетіп отыр. Энергоаудит сапасыздығына энергоаудиторлардың біліктілігінің төмендігі себеп болуда», - деді вице-министр.

Аманияз Ержановтың айтуына қарағанда, әр органға жүргізілетін энергоаудиттерді - толық энергоаудит, мақсатты және экспресс-энергоаудит деп үшке бөлу керек.

«Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдармен бірге аумақтарды дамыту бағдарламасына сай, энергия тиімділігін арттырудың бес жылдық аймақтық жоспары бекітілгелі жатыр. Көп жағдайда мұндай бағдарламаларға қаражат бөлінбейді. Ақыры бағдарламаның соңы құмға сіңген судай жоқ болады», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар