Бюджетті жоспарлаудың бірыңғай ережесі әзірленеді – Қаржы министрлігі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жаңа бюджет кодексін әзірлеудегі басты өзгерістерді айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа бюджет кодексін әзірлеу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар шеңберінде министрлік өзі жетекшілік ететін салалардағы заңға тәуелді актілерді қайта қарау жұмыстарын бастап кетті.

«Қолданыстағы бюджет кодексін іске асыруда министрлікке 50-ден астам заңға тәуелді нормативтік-құқықтық актілер бекітілген. Оның ішінде 21 акт бюджеттік жоспарлау саласын реттейді және оларды 11-ге дейін оңтайландыру жоспарланып отыр. Бұл нормалардың қайталануын және шектен тыс реттеуін жояды. Оған қоса, бюджеттік жоспарлау процесін реттейтін барлық ережелерді қамтитын бюджеттік жоспарлаудың бірыңғай ережелерін әзірлеу жоспарлануда. Бұл жоспарлау процесін бюрократиядан арылтуға мүмкіндік береді, былайша айтқанда бюджеттік жоспарлау бойынша «Үстел үсті кітабы» ретінде қолданылады», - деді вице-министр Сенатта өткен «Бюджет саясаты моделін реформалау» дөңгелек үстелінде.

Бұдан басқа, бірыңғай бюджеттік сыныптаманы қалыптастыру процесін әрі қарай автоматтандыру және заттай нормаларды цифрландыру жоспарлануда. Бұл қадам бюджеттік өтінімдерді автоматты есептеулер негізінде қалыптастыруға мүмкіндік тудырады.

Ал бірыңғай бюджеттік сыныптама мемлекеттік органдардың стратегиялық мақсаттарымен тығыз байланысы тұрғысынан қайта қарастырылады. Бұл «Бір мақсат, бір бюджеттік бағдарлама» деп аталатын оңтайлы жүктеуге көшу болмақ.

Сондай-ақ бюджеттік жоспарлау процесінде жекелеген нормаларды қолданудың орындылығы да қарастырылады. Қазіргі уақытта әкімшілерге тез арада шешім қабылдауға мүмкіндік бермейтін және шектен тыс реттеуді қамтитын жекелеген актілер бар. Министрлік бұл бағыттағы мәселелерді барлық мүдделі мемлекеттік органдармен пысықтауда.

«Жаңа бюджет кодексі аясында қаражатты толық пайдаланудың жаңа тәртібін қарастыру жоспарланып отыр. Егер әкімші немесе жергілікті атқарушы орган кейбір шығыстарды ағымдағы қаржы жылында игере алмайтынын алдын ала білсе, осы шығыстарды келесі қаржы жылына ауыстыру үшін Қаржы министрлігіне өтініш береді. Аталған механизмге сәйкес, әкімшілер қаржыны 1 қаңтардан бастап бастап игере алады. Бірақ, жаппай барлық шығыстарға рұқсат берілмейді, тек обьективті себептер негізінде ғана қарастырылады. Бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға көшуге бағытталған қадамдардың бірі болмақ. Қазіргі уақытта бюджет кодексіне сәйкес, Астана қаласынан басқа жергілікті инвестициялық жобалар құнының қымбаттауын қаржыландыру әкімдіктердің тікелей міндеті болып саналады», - деп түсіндірді Д. Темірбеков.

Жалпы инвестициялық жобалар құнының қымбаттауы өңірлердің бюджеттері үшін ауыртпашылық түсіреді.

Бұл мәселені шешу үшін министрлікпен талдау жүргізіліп жатыр.

Бюджет кодексін дайындау шеңберінде талдау қорытындысын ескере отырып, қандай жобаларды республикалық бюджет және қайсысын жергілікті бюджеттер қаржыландыратыны туралы критерийлер әзірленбек.


Соңғы жаңалықтар