Бюджетті тиімсіз пайдалануға қатысты жауапкершілік қатаң болуы керек – Мәулен Әшімбаев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Барлық негізсіз шығынды азайту аса маңызды. Бұл туралы бүгін Сенаттың жалпы отырысында 2023 жылға арналған республикалық бюджетке енгізілген түзетулерді талқылау кезінде палата төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі отырыста депутаттар бірқатар маңызды мәсені көтерді. Ең алдымен, қазір инфляцияны тежеу үшін қатаң шаралар қабылдау қажет. Барлық негізсіз шығынды азайту аса маңызды. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін жауапкершілік қатаң болуы керек. Делдалдардың заңсыз әрекеттері, сыбайлас жемқорлық схемалары тауар мен қызметтің бағасына әсер етеді. Айналып келіп мұның бәрі халықтың қалтасына соғады. Сондықтан ондай заңсыздықтардың жолын кесу қажет», - деді М. Әшімбаев.

Оның айтуынша, инженерлік инфрақұрылым проблемасын шешу – мемлекеттік органдардың алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі.

«Ең алдымен, жылу әрі электр энергиясымен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер маңызды. Осыған дейін бұл салада тиісті шешімдер түрлі себептерге байланысты қабылданбады және қаражат уақытында бөлінбеді. Соның салдарынан апаттар мен төтенше жағдайлар орын алды. Түптеп келгенде, тағы да халық зардап шекті. Сондықтан биыл бөлінген қаражат тиімді және уақытылы игеріледі деп сенеміз. Сондай-ақ Үкімет инженерлік желілерді жаңғыртуды қаржыландырудың басқа да тетіктерін енгізеді деп үміттенеміз», - деді Сенат төрағасы.

Маңызды міндеттердің тағы бірі – бизнесті қаржыландыру. Нақты секторға несие бөлуге мән беру керек.

«Бұл мәселені үнемі Сенатта көтеріп келеміз. Осы ретте тұтынушылық несиелердің тез өсуі алаңдатпай қоймайды. Сондықтан бұл мәселені де назарда ұстаған абзал», - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң қабылданды.

Биыл қыста болған апаттар жылу беру нысандарының әбден тозғанын көрсетті. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің жылу әрі энергетикалық жүйесін салуға және қайта жаңартуға қосымша 144 млрд теңге бөлінді.

Атап айтсақ, экономиканың нақты секторын қолдауға қосымша 1,3 трлн теңге жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар