Бюджетті нақтылау кезінде ХҚО қызметкерлерінің айлығын көтеру мәселесі қаралады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Республикалық бюджетті нақтылау кезінде «Азаматтарға арналған үкімет» коропорациясы қызметкерлерінің айлығын көтеру мәселесі қаралады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында осныдай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік корпорация қызметкерлерінің жалақысын арттыру мәселесіне тоқталсақ, 2022 жылы қаңтар-шілде аралығында қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен 50%-ға артты. Бұл өзгеріс аппарат қызметшілері мен филиал басшыларынан бөлек 21 мыңнан астам қызметкерді қамтыды. Мемлекеттік корпорацияның қатардағы қызметкерлерінің орташа жалақысы республикадағы орташа мәннен төмен екенін ескерсек, жалақыны тағы 50%-ға арттыру мәселесіне республикалық бюджет нақтыланған кезде оралу жоспарланып отыр», - делінген жауапта.

Әлихан Смайылов бұл мекеменің қызметкерлер санын өз еркімен жұмыстан шыққан, зейнет жасына жеткен, еңбек шарты аяқталған, сондай-ақ еңбек шарттарын бұзуға әкеп соққан теріс әрекет жасаған қызметкерлердің бос орындары арқылы оңтайландыру жоспарланғанын айтады.

«Бұл ретте цифрландыру және проактивті форматқа көшу есебінен көрсетілетін қызметтер санының жыл сайын төмендеп келе жатқаның ескерсек, олардың санын оңтайландыру өндірістік процестерді орындауға кедергі келтірмейді», - дейді Үкімет басшысы.


Соңғы жаңалықтар