Бюджетті нақтылағанда Арыс - Шардара автожолындағы айналма жол құрылысына қаржы бөлу ескерілсе- Қ. Айтаханов

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылғы бюджетті нақтылағанда Арыс - Шардара автожолындағы айналма жол құрылысына қаржы бөлу ескерілсе игі. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.

Сенатордың айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында салынып жатқан Көксарай су реттегішінің құрылысына байланысты Арыс - Шардара автокөлік жолының 20 шақырым бөлігі су астында қалатыны анықталған. Осыған орай, айналма жол салу туралы шешім қабылданған болатын. «Қазіргі кезде аталған жол құрылысы қызу қарқынмен жүргізілуде. Жол құрылысының жалпы сметалық құны 2 млрд. 195,2 млн. теңгені құрайды. Ол республикалық бюджеттен үш жылға бөлінген: 2009 жыл - 354 млн. теңге, 2010 жылы - 1 млрд. 249 млн. теңге, 2011 жылы 591 млн. теңге. Бүгінгі таңда, ағымдағы жылдың қаржысы толығымен игерілді. Қосымша қаржы бөлінсе жол құрылысын осы жылы толығымен аяқтауға мүмкіндік бар», дей келе Қ. Айтаханов, биылғы жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде аталған жол құрылысын аяқтау үшін 2011 жылға жоспарланған 591 млн. теңге қаржыны 2010 жылға бөлуді сұрады. «Бұл жол қатынасынан қиналып жатқан облыстың Ордабасы, Арыс, Шардара аудандарының 240 мыңнан астам халқының жағдайын жақсартқан болар еді», деді депутат.

Соңғы жаңалықтар