Бюджетте мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 доллар болып белгіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында республикалық бюджетті талқылау кезінде Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Тимур Жақсылықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджеттік параметрлер болжамын нақтылау енгізіліп отыр. Макрокөрсеткіштердің болжамы сыртқы экономикалық жағдайды, әлемдік экономиканың дамуын бағалау, сонымен қатар мұнай нарығындағы үрдістерді ескере отырып нақтыланды. Мәселен, жыл басынан бері ел экономикасының өсуінің оң серпіні байқалған. Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны қаңтар-ақпан айларда 3,5%-ды құрады. Жыл басынан бері мұнайдың орташа бағасы барреліне 98 АҚШ долларды құрады. Бұл ретте Дүниежүзілік қаржы ұйымдарының 2022 жылы мұнай бағасы бойынша болжамы 74 АҚШ доллардан 105 АҚШ долларына дейін қалыптасуда. Осыған байланысты, макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 90 АҚШ доллар деңгейінде айқындалды», - деді Т. Жақсылықов.

Оның айтуынша, S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 4,2%-дан 3,6%-ға дейін төмендетті.

«Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,5 трлн теңгеге жоғары. Өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер әлемде протекционизмнің күшеюіне және тарифтердің өсуіне байланысты металлургиядағы өндіріске шектеу қою салдарынан 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендетілді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар