Бюджетте әлеуметтік блоктың шығыстары ұлғайды - Қаржы министрлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бюджет жобасы үш негізгі міндетті шешуге бағытталған. Біріншіден, кез келген экономикалық конъюнктурада барлық әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету маңызды. Екіншіден, 2025 жылға дейінгі даму Стратегиясын іске асыру аясында жеті басым саясат пен реформалардың орындалуын қамтамасыз ету керек. Үшіншісі, Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының іске асырылуын қамтамасыз ету. Бюджет қаржылық мүмкіндіктерді ынталандыратын макроэкономикалық саясатты жүргізу негізінде құрылған. Ол бюджеттің мұнай кірістеріне тәуелділігін біртіндеп төмендету және салық түсімдерінің орнықтылығын қамтамасыз ету арқылы іске асырылуда», - деп тоқталды ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов.

Оның сөзінше, Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферт пен мұнайға экспорттық кеден бажы (ЭКБ) түріндегі бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің көлемі 2019 жылға 3,5 трлн теңгені немесе 2021 жылға қарай 4,1 пайызға төмендеп, жалпы ішкі өнімге 5,4 пайызды құрайды. Бюджетке түсетін мұнай түсімдерінің үлесі 2019 жылы 35,5 пайыздан 2021 жылы 28,9 пайызға дейін төмендейді.

«Ұлттық қор қаражатын шектеулі пайдалану, сондай-ақ ағымдағы жылдың өзінде мұнай бағасының өсуі қор активтерін мерзімінен бұрын тұрақтандыруға алып келеді», - деп нақтылады министр.

Бұдан бөлек, мұнайлы емес түсімдердің көлемі ағымдағы жылдың жоспарына қарағанда 973,2 млрд теңгеге немесе 18,3 пайызға өсңп, 2019 жылға 6,3 трлн теңге мөлшерінде болады деп жоспарланып отыр. Өзгерістердің басты факторлары болжанатын экономиканың даму қарқындарының ұлғаюына, салықтық әкімшілендіруді жақсарту және салықтардың жиналу тиімділігін арттыруға қатысты болды.

Жалпы алғанда, республикалық бюджет кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 3 жылдық кезеңде: 2019 жылы - 6,8 трлн теңгені; 2020 жылы - 7,4 трлн теңгені; 2021 жылы 8 трлн. теңгені құрайды деп күтілуде.

Сонымен қатар, 2019 жылы республикалық бюджет шығыстары ағымдағы жылдың жоспарынан 11 пайызға өсіп, 10,7 трлн теңге болады.

«Әлеуметтік блоктың шығыстары 2025 жылға дейінгі даму Стратегиясының жаңа адам капиталын құрудың жүйелі реформасына толығымен байланысты және үш жылдық кезеңде 15,7 трлн теңгені құрамақ. Оның ішінде 2019 жылы 4,8 трлн теңгені немесе шығыстардың жалпы көлемінен 45 пайызды, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 49,1 пайызды қамтиды. Президенттің Жолдауын іске асыру үшін әлеуметтік блоктың шығыстары 107 млрд теңгеге ұлғайтылды. Бұл өз кезегінде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500 теңгеге дейін көтерумен, үш жылда мектептерді салу көлемдерін 50 млрд теңгеге ұлғайтумен, сондай-ақ мектеп психологтарының жұмысын күшейту қажеттілігімен байланысты», - деді Ә. Смайылов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк инфляцияны таргеттеу саясатын жалғастырады.

Сонымен қатар, Ұлттық банк басшысы теңгенің айырбас бағамына қатысты тәуекелдерді айтты.

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов еліміздің 2019-2023 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды.

Соңғы жаңалықтар