«Бюджетке қатысу» жобасы: Нұр-Сұлтанда 50-ден астам аула абаттандырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша биылдың өзінде 50-ден астам аула абаттандырылғанын, сол сияқты екі жыл ішінде 400 қоғамдық кеңістік пен аула салынғанын мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Елордада жыл сайын қала тұрғындары бос уақытын таза ауада өткізе алатын тартымды орындар көбейіп келеді. Бұл – аулаларымыз бен қоғамдық кеңістіктеріміз (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар). Аулаларды абаттандыруды жобалау үшін көпқабатты үйлердің тұрғындарын жұмылдырамыз.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бюджетке халықтың қатысуы маңызды басымдық болып саналатынын атап өтті, «Халықтың бюджетке қатысу» жобасы» бастамаларды азаматтардың нақты қажеттіліктеріне сәйкес іске асыруға мүмкіндік береді. Президенттің тапсырмасы бойынша абаттандыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бюджетіне «халықтың қатысу» үлесі 10 есеге артты.

«Бюджетке қатысу» жобасы алғаш рет елордада 2019 жылы іске қосылды. Жоба Сарыарқа ауданынан бастау алды. Кейін Алматы және Есіл аудандарын қостық. Осы жылы аталған жобаны елордамыздың барлық ауданында жүзеге асырамыз. «Халықтың бюджетке қатысу» жобасы – ауласы қандай болатынын тұрғындардың өзі шешеді. Тұрғындар аудандық әкімдіктерге өтінім беріп, өз ауласының келбетін ұсынады: қандай орындар салу керек, қандай спорт алаңдары қажет және т.б.

Мысалы, «Бюджетке қатысу» жобасы бойынша биылдың өзінде 50-ден астам ауланы абаттандырдық, өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Осылайша, Сарыарқа ауданында – 10 аула, Байқоңыр ауданында – 27 аула, Алматы ауданында – 5 аула.

Екі жыл ішінде біз 400 қоғамдық кеңістік пен ауланы салдық. Қаланың оң жақ бөлігі мен елді мекендерге үлкен көңіл бөлінді», – деп жазды елорда әкімі.


Соңғы жаңалықтар