Бюджетке қатысты жауапкершілікті күшейту бағытында заңнамаға өзгерістер қабылданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл желтоқсанда бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны және жоспарлағаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша шаралар қабылданады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылғы тамызда Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізіледі. 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап корпоративтік табыс салығын шағын және орта бизнестен жергілікті бюджеттерге беруді ескере отырып, айқындалатын болады. Биылғы қазанда квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаражатты пайдалану тиімділігіне талдау жүргізіледі. Салынған қаражаттан қайтарымды бақылау бойынша тәсілдер және квазимемлекеттік сектор қызметінің тиімділігін бағалау үшін әдістеме жобасы әзірленеді», - деп түсіндірді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар ол бюджет қаражатын тиімді игеру мәселесіне тоқталды.

«Ағымдағы жылғы желтоқсанда ҚР Ұлттық экономика министрлігі Есеп комитетімен бірлесіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны және жоспарлағаны үшін жауапкершілікті күшейту бойынша шаралар, оның ішінде заңнамаға өзгерістер қабылданатын болады», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Соңғы жаңалықтар