Бюджет шығыстарының 46% әлеуметтік салаға бағытталып отыр – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бюджеттің жалпы шығыстарының 46%-ы әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, Сенатта Ұлттық қордан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заңға енгізілген өзгерістер туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұған дейін Заң жобасын Парламент Мәжілісі мақұлдаған еді.

«Әлеуметтік блок шығыстары 581 млрд теңгеге ұлғайтылды және 8,6 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 46%-ы деңгейінде жоспарлануда. Қосымша қаражат әлеуметтік төлемдерді индекстеуге, медициналық көмек көрсетуге, еңбек нарығын дамытуға және жастарды қолдауға бағытталатын болады», - деді Қаржы министрі Сенат отырысында.

Министрдің айтуынша, күш құрылымы шығыстары 446 млрд теңгеге өсіп,

2,2 трлн теңге сомасында жоспарланған.

«Жалпы көзделген шығыстардың 30%-ке жуығы нысаналы трансферттермен өңірлерге берілетін болады. Олардың жалпы сомасы 818 млрд теңге болса, оның ішінде дамуға арналған трансферттер – 475 млрд теңге. Нақтылауды ескере отырып, өңірлерге республикалық бюджеттен жалпы шығыстардың 5,5 трлн теңгеден астамы немесе 29,3%-і бағытталатын болады», - деді Е. Жамаубаев.

Бұған дейін Қаржы министрі республикалық бюджеттен Президент тапсырмаларын орындауға 1,8 трлн теңге, әлеуметтік шығыстар мен теңге бағамына – 173 млрд теңге, бағдарламалық құжаттар мен шұғыл міндеттемелерге – 476 млрд теңге қарастырылғанын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар