Бюджет шығыстары орташа жылдық өсу қарқынынан аспауы керек - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин жаңа бастамалар бойынша лимиттер бюджет шығыстарының өсу қарқыны негізінде айқындалатынын айтты. Онда бюджет шығыстары орташа жылдық өсу қарқынынан аспауы керек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «блокты» бюджет элементтерін енгізу жөніндегі заң жобасын әзірлеуді тапсырды. Бюджеттік бағдарламаларды ірілендіруге, бюджеттік рәсімдерді оңайлатуға, бюджет қаражатын басқарудағы икемділікті, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етуге байланысты негізгі міндеттерді шешуге бағытталған тәсілдер пысықталды», - деді А.Әмрин Сенатта бюджет мәселесін талқылау кезінде.

Оның айтуынша, лимиттерді 4 блокқа бөлу арқылы тұрақтандыру ұсынылып отыр.

«Бірінше блок - ол шартсыз шығыстар, яғни тұрақты сипаттағы. Екінші блокта ұлттық жобалардың іс-шараларын іске асыруға арналған шығыстар қамтылған. Үшінші блоу - резервтерді қалыптастыруға арналған шығыстар, ал төртіншісі бастапқы үш блокқа жатқызылмаған шығыстар, олар біржолғы сипаттағы шығыстарды қамтиды.

Бұдан басқа, шығыстар лимиттерін базалық шығыстар бойынша лимиттерді және жаңа бастамаларға лимиттерді бөле отырып белгілеу ұсынылады. Лимиттер жоспарлы кезеңге жыл сайын жылжымалы негізде белгіленеді және бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне 1 шілдеге дейін жеткізіледі», - деді вице-министр.

«Жаңа бастамалар бойынша лимиттер бюджет шығыстарының өсу қарқыны негізінде айқындалатын болады, яғни контрциклды бюджет ережесі ескеріледі. Онда бюджет шығыстары орташа жылдық өсу қарқынынан аспауы керек екені атап өтілген», - деді А. Әмрин.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне ұлттық жобалар бойынша пайдаланылмаған қаражатты келесі жылы толық пайдалану құқығын беру ұсынылып отыр .



Соңғы жаңалықтар