Бюджет шығыны мен мұнайдан тыс кіріс арасында алшақтық бар – ҰБ есебі

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Ұлттық банкі қаржылық тұрақтылықтың негізгі тәуекелдері мен факторларын кешенді талдау және бағалау нәтижелері тұрғысында 2021 жылғы қаржылық тұрақтылық туралы есебін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұсынылған есепке қарағанда, 2021 жылы карантиндік шектеулерді жеңілдету – іскерлік белсенділіктің өсуіне ықпал етіп, оның экономикалық өсу перспективаларына да оң әсері болды. Дегенмен, өнімді жеткізу тізбегінің толық қалпына келмеуі және энергия жеткізушілер бағасының жоғары болуы инфляциялық қысымның күшеюіне алып келді. Соның әсерінен экономикасы дамыған елдерде ақша-кредит саясатының күшеюі, мемлекеттік қарыз деңгейінің өсуі және бюджет тапшылығы жаһандық сын-қатерлерге айналды.

«Фискалдық саясат үшін негізгі тәуекел факторы мемлекеттік қаржының теңгерімсіздігі болып қала береді. Бұл бюджет шығыстары мен мұнайдан тыс кірістер арасында сақталып отырған тым жоғары алшақтықтан көрініп отыр. 2014 жылдың аяғында мұнай бағасының төмендеуі мұнай секторынан түсетін қосымша үстеме табыстың жинақталуына тұсау салды. Бұл, өз кезегінде, ұзақ уақыттан бері Үкімет қолындағы таза активтердің төмендеуіне алып келді. 2021 жылдың соңына қарай таза активтер ЖІӨ-ге қатысты ең төменгі мәндеріне жетті», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.

Бұл тұрғыда есепте мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен орнықтылығын арттыру мақсатында Бюджет кодексіне енгізілген фискалдық ережелерді сақтау маңызды екені айтылған. Олар Ұлттық қор активтерінің сақталуын қамтамасыз етеді және бюджет шығыстарының шамадан тыс өсуін тежейді.

Сонымен бірге 2021 жылы қаржы ұйымдарының несиелік қызметі COVID-19-дан кейін экономикалық өсудің қалпына келуі аясында қарқын ала түсті. Банктердегі несие портфелінің өсімі 27,9 пайызға, яғни жеке тұлғаларға (40,9%) және ШОБ субъектілеріне (29,2%) жаңа несие беру есебінен қамтамасыз етілді. Банктердегі несие портфелінің сапасы корпоративтік әрі бөлшек портфельде айтарлықтай жақсарды.

«2021 жылы депозиттердің долларлану деңгейі 2020 жылғы деңгеймен салыстырғанда 39-дан 37 пайызға төмендеді. Бұл процесс биыл да жалғасты (мамырда – 33%)», - деп аталып өткен ҰБ хабарламасында.

Ұлттық банк сайтында аталған есеп мәліметтерімен толық танысуға болады. https://nationalbank.kz/kz/news/otchet-o-finansovoy-stabilnosti/rubrics/1815


Соңғы жаңалықтар