Бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеру мерзімі әлі де нақтылана түседі

None
None
анның 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Дәл қазіргі күні Парламент Мәжілісінде «2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қызу талқылану үстінде. Әрине, дағдарыс салқыны әлі де толық сейілмей тұрған уақытта негізгі  қаржы құжатын баршаның көңілінен шығатындай жұп‑жұмыр қып қалыптастыру оңайға соқпайтыны белгілі.

 Өйткені экономиканың бүгінгі жағдайында кесіп‑пішіп нақты болжам жасай қою әлем елдері үшін басты қиыншылыққа айналып отырғаны рас. Сондықтан да осы болжам мәселесі бюджеттің шығысын жоспарлау ісінде үлкен қайшылықтарға ұрындырып отыр.

Дегенмен, халықаралық ұйымдар 2009 жылғы әлемдік ішкі өнімнің құлдырауынан кейін 2010 жылдан бастап әлемдік экономика біртіндеп жанданады, қалпына келе бастайды дегенге саятын сценарийді болжайды. Әлемдік экономикаға жан біте бастаса, энергия ресурстары мен шикізатқа да сұраныс артып, мұнай мен металға әлемдік баға көтеріліп қалады ма, деген үміт те жоқ емес. Дей тұрғанмен лезде құбылып, жиі өзгеріске ұшырап жататын жағдайды бастан кешіріп тұрып шикізатқа, оның ішінде мұнайға деген үміт артуды ұмытатын кез келген секілді. Сондықтан да Үкімет келер жылғы бюджетті бекіткенде барынша консервативті болжамдарды ұстаныпты.

Сонымен бірге, 2010 жылғы бюджеттің басқа жылдарға қарағанда басты ерекшелігі - бұл құжат дағдарыс жағдайында әлеуметтік бағдарын жоғалтқан жоқ. Бұған дәлел 2010 жылы бюджеттің барлық шығыстарының  шамамен 40 пайызы әлеуметтік саланы қолдау мен дамытуға бағытталады. Оның ішінде Мемлекет басшысының жолдауы мен «Нұр Отан» ХДП тұғырнамасындағы қамтылған шараларды орындау қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, әлеуметтік қамтамасыз ету мен әлеуметтік көмек саласында орташа зейнетақы 2010 жылы 25 пайызға артады. Бюджет саласы бойынша зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік стипендиялар да 25 пайызға артады. Сонымен бірге,  2010 жылы еліміздің экономикасы әлі де күрделі жағдайда болатынын ескеріп, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын шілденің 1‑інен бастап көтеру ұсынылып отыр.

Мінеки, нақ осы мәселе қазіргі күні халық қалаулылары тарапынан қызу талқыға түссе, қоғам тарапынан  үлкен алаңдаушылыққа негі болуда. Мәселен, өткен жолғы Сенат отырысында депутат Ғани Қасымов 2010 жылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыруды кейінге шегеруге байланысты Үкіметті қатты сынға алып, атқарушы билікті Елбасының жолдауын дұрыс жүргізбей отыр, деп айыптаған болатын. Расында, Мемлекет басшысының жолдауында бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2009 жылы 25 пайызға, 2010 жылы тағы 25 пайызға, ал 2011 жылы 30 пайызға көтеру туралы айтылған болатын. Сондықтан да қоғам арасында түсініспеушіліктің орын алып, депутаттардың мәселе көтеріп отырғанын да түсінуге болады. Дегенмен де, бюджетті қалыптастыру ресурстарының шектеулі болып, дағдарыстың салқыны қайтпай отырған кезеңде жалақы көбейтуді кейінге ысырудың негізгі мәнін де ашып алған орынды болар. Оның үстіне Мемлекет басшысы да өткен жолдары ғана Үкіметке бюджет қаражатын қатаң үнемдеуді тапсырған еді. Осы ретте бюджет үшін бар жауапкершілікті мойнымен көтеретін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің уәжіне де орын беріп көрсек.

Министрліктің ұстанған бағыты бойынша бюджет жалақысын кейінге ысырудағы ең басты себеп әлемдік нарықтағы аяқ астынан туындайтын жағдайлар мен әлі де сақталып отырған тұрақсыздыққа қатысты болып отырған сыңайлы. Оның үстіне Үкімет  2010 жылы Ұлттық қордан қосымша қаражаттарды алудан бас тартып отыр. «Болашаққа әрі ұлттық дағдарыс кезеңі туындап қалса қажет болады деп жинақталып жатқан Қор ақшасын бұлай жұта беруге болмайды. Ұлттық қор бұған дейінгі дағдарыс соққысына төтеп беріп, өзінің тиімділігін дәлелдеп берді», делінген министрліктің берген түсіндірмесінде. Сонымен бір мезгілде ендігі күні Үкімет барлық мемлекеттік шығыстарды ішкі ресурстар есебінен қаржыландыруды қолға алатын болады. Яғни, Ұлттық қордағы қаражатты  қозғамау туралы шешім қабылданғандықтан, бюджеттің әрбір тиыны да қатаң есепке алынады. Сол үшін де 2010 жылы басым емес шығыстар ретінде 252 млрд. теңгеге жуық қаражат үнемделіп отыр. Ал кейбір бағдарламалар сәл кейінге ысырылған.

«Дегенмен де, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру  мерзімі шегерілгені болмаса, толық орындалады.  Шындығына келсек, дағдарыс кезеңінде бюджет қызметкерлері соншалықты күйзеліске түскен жоқ, керісінше басқаларға қарағанда олардың әлеуметтік жағдайы сол деңгейде сақталуда. 2009 жылы олардың жалақысы көтерілді. Есесіне инфляция деңгейі қалыпты болып, кейбір жағдайда тұтыну тауарларының бағасы төмендеді. Ал жалақы көтеруді кейінге ысыру арқасында  үнемделген қаражат елдің әлеуметтік‑экономикалық тұрақтылығын одан сайын бекемдей түсетін шаруаларға бағытталады. Оның үстіне сала қызметкерлерінің жалақысын арттыруды шегеру жыл басындағы инфляция ахуалына оң ықпал ететін болады», делінген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің түсіндірмесінде.

 Жалпы, қазіргі дағдарыс әлем мемлекеттерінің фискалдық саясатына да өз түзетулерін дүркін‑дүркін енгізіп отырғаны шындық. Соның ішінде бірқатар мемлекеттер әлеуметтік міндеттемелерден толық бас тартуға да барып отыр.

Тоқтала кететін жайт, келер жылғы бюджет жобасы әлі толық қалыптасты деп айтуға ертерек. Заң жобасы қос палатаның сүзгісінен өтіп, онда да дәл осыған қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Сонымен бірге, Үкімет те әлемдік экономикадағы жағдайдың жақсарған нышаны байқалып тұрса, бюджеттік қызметкерлер жалақысын көтеру туралы мәселені бірінші кезекте қарауды жоққа шығармайды. Дағдарыс кезеңінде шапшаң қимылдарды жүргізіп, икемді саясат ұстауға үйренген атқарушы биліктің мұндай шұғыл шараларды қабылдауға да қауқары жеткілікті. Былтырғы жылғы бюджеттік қалыптастыру жағдайын еске түсірейікші. Үкімет сол қиын кезеңде Парламент Мәжілісіне ұсынған көрсеткіштерін Сенатқа жеткізбей жатып‑ақ әп‑сетте қайтадан өзгертіп үлгеріп еді ғой. Сондықтан да, жағдай жақсара бастаса жыл соңына таман, тіпті болмаса, бәлкім  2010 жылдың алғашқы тоқсанында жалақыға қатысты жағымды өзгерістер орын алуы ғажап емес. Үкімет те осы ұстанымды қолдап отыр.

 Ескере кететін тағы бір жайт, кеше ғана ҚР Премьер‑Министрі Кәрім Мәсімов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықоваға арнайы жұмыс тобын құрып, бір ай ішінде бюджеттік сала қызметкерлеріне еңбекақыны көтерудің мерзіміне қатысты ұсыныстарды енгізуді тапсырды. Сондықтан да жалақыны көтеру жөніндегі мәселе оң сипатпен шешіліп қалуы да әбден мүмкін.

Соңғы жаңалықтар