Бюджет кірістері 73 млрд теңгеге асыра орындалды - Әлихан Смайылов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында республикалық бюджет кірістері 2 трлн 783 млрд теңгені құрады. Осылайша жоспар 2,7% немесе 73 млрд теңгеге асыра орындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында айтты.

«Асыра орындау сомасы негізінен салық арқылы жиналды. Оған экспорттық тауар бажы мөлшерлемелерінің және бірқатар салалардағы тауарлар өндірісі мен қызметтердің көлемінің өсуі сынды негізгі факторлар ықпал етті. Алайда корпоративтік табыс салығы (-17 млрд теңге) және импортқа салынатын қосылған құн салығы (-38 млрд теңге) бойынша жоспар орындалмады», - деді министр.

Әсіресе екінші деңгейлі банктер табысының әлі де төмендеуі Корпоративтік табыс салығының толық орындалмауына себеп болған. Бірқатар ірі салық төлеушілерден түсімдердің азаюына байланысты импортқа салынатын ҚҚС орындалмады.

«Кірістерді әкімшілендіруде жоғары заң бұзу қаупі бар салық төлеушілерге баса назар аударылды. Бұл жұмыс тәуекелдерді басқару жүйесі аясында камералық бақылау арқылы жүргізілді. Камералық бақылау бойынша жіберілетін хабарламалар саны 2 есеге өсті. Нәтижесінде салықтарды өндіріп алу коэффициенті 86% ұлғайды. Бюджетке қосымша 31 млрд теңге түсті», - деп түсіндірді Ә. Смайылов.

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің өз кірістері 113,4% немесе 120 млрд теңгеге артығымен орындалып, 1 трлн 17 млрд теңгені құраған.

Соңғы жаңалықтар