Бюджет қаржысын жымқырған бөлім басшысы әкімнің орынбасары болып кеткен

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Жамбыл облыстық департаменті Шу ауданы әкімінің орынбасарына қатысты тергеуді бастады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.

Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалиннің айтуынша, бұған дейін күдікті «Шу аудандық әкімдігінің білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы болған. Сол кезде ол бас буxгалтермен сөз байласып, 2015-2017 жылдары аралығында коммуналдық мекеме жұмысшыларына негізсіз жалақы жазып отырған.

«Сөйтіп, Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына бөлінген 19,6 миллион теңгенің бюджет қаражатын жымқырған. Тергеу шаралары жалғасуда», - деді А.Бердалин Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Айта кетейік, бүгін агенттік Маңғыстау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының қамауға алынғанын жариялады. Ол мемлекет мүддесіне 1 миллиард теңгеден астам сомаға залал келтірген.

Бұдан бөлек, ағайынды Рысқалиевтердің сыбайласы қамауға алынды.

Қызылордада облыстық басқарма басшысының орынбасары экстремизмге қарсы шараларға бөлінген бюджет қаржысын жымқырған.

Ал Степногорск қаласында қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының басшысы парамен ұсталды.

Соңғы жаңалықтар