Бюджет қаражатын игермегендер жауапкершілікке тартылады - Асқар Мамин

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бюджет қаражатының игерілмеуіне жол берген тұлғаларды жауапқа тарту үшін тиісті шешімдер қабылданады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджет бөлігіне келсек, биылғы жоспар бойынша өткен жылмен салыстырғанда асыра орындау байқалып отыр. Дегенмен, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаражатты игермеген. Бюджет қаражатының игерілмеуіне жол берген тұлғаларды жауапқа тарту бойынша тиісті шешімдер қабылданады», - деді Үкімет басшысы.

Осы ретте Асқар Мамин министрлер мен әкімдердің назарын жыл соңына дейін 1,5 ай ғана уақыт қалғанына аударды.

«Сол себепті нысаналы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында барлық шараларды ұйымдастыру керек. Жалпы экономиканың сапалы әрі орнықты өсуі үшін инвестиция тарту, жұмыс орындарын құру, өнімділікті жақсарту және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бәріміз баса назар аударуымыз қажет», - деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, отырыс барысында 10 айдағы мемлекеттік бюджеттің атқарылуы жайында баяндаған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов бірқатар министрлік пен әкімдік республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны игере алмай отырғанын айтып, Үкімет басшысынан қаражатты игере алмаған бюджеттік бағдарлама жетекшілерін жауапқа тартуды сұраған болатын.

Соңғы жаңалықтар