Бюджет ғимараттарының 60 пайыздан астамы энергия үнемдеуге бейімделмеген

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институтының басшысы Бауыржан Смағұлов еліміздегі бюджеттік сектор ғимараттарының энергияны пайдалануына қатысты талдау нәтижесімен таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің институт мемлекеттік энергетикалық реестрдің деректеріне сүйене отырып бюджеттік сектордың 16 мыңға жуық ғимаратына талдау жасады. Оның нәтижесіне сәйкес ғимараттардың 60%-дан астамы энергияны тиімді қолдану бойынша ең төменгі «Е» класына жатады. Айта кетсек, «Е» класына жататын ғимараттар энергоресурстарды 50%-ға артық тұтынады. Мемлекеттік энергетика реестріне 16 мыңнан астам бюджеттік ұйым кіреді. Жалпы энергия тұтыну - 5,2 млн Гкал және сағатына - 2 млн МВт құрайды. Мемлекеттік энергетика реестріне кіретін ұйымдарда барлығы 2,2 млн жарық нүктесі орнатылған, оның тек 50% - жарықдиодты», - деді Бауыржан Смағұлов Астанада өтіп жатқан IV халықаралық энергия үнемдеу форумында.

Оның мәліметінше, бюджеттік сектордың энергия үнемдеудегі жалпы әлеуеті - жылына 3 млрд теңге.

«Бюджеттік секторға қатысты қолданыстағы заңнамаға жаңа түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, энергия тұтыну нормативтері және олардың сақталуына мониторинг жасалады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдарды үш жылдық жол картасын қабылдау және іске асыру құзыретіне міндеттейтін түзетулер қабылданды. Бүгінгі форумға отандық энергия үнемдеу құралдарын өндірушілер мен жеткізушілердің өкілдері, сонымен қатар жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысып отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, бюджеттік секторда энергияны тиімді тұтыну бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын», - деді ол.

Бұған дейін институт басшысы 2023 жылы мемлекеттік энергетикалық реестр субъектілерінің 40 мыңға жететінін хабарлаған еді.

Айта кетейік, Астанада IV халықаралық энергия үнемдеу форумы өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар