Былтырғы республикалық бюджет 42,9 млрд. теңгеге игерілмеген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтырғы бюджет 42,9 млрд. теңгеге игерілмеді. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде ҚР Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2013 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылау барысында мәлім болды.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің қорытындысына сәйкес, былтырғы бюджеттің орындалуы 99,3 пайызды құрап отыр. Бұл ретте бюджеттік бағдарламалардың 39 әкімшісінің 27-і бюджеттің орындалуын 100 пайызға қамтамасыз ете алмады. Атап айтқанда, игерілмеген қаражаттар Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігінде - 4.4 млрд. теңгені, Төтенше жағдайлар министрлігінде - 3,2 млрд. теңгені, Қаржы министрлігінде - 20,3 млрд. теңгені, Президенттің Күзет қызметінде - 2,7 млрд. теңгені, Бас прокуратурада - 427,2 млн. теңгені, Орталық сайлау комиссиясында - 8,9 млн. теңгені құрап отыр.

Есеп комитетінің бағалауынша, бюджетті жоспарлау сапасының төмендігі, салықты әкімшілендіру тиімділігінің аздығы және көлеңкелі экономиканың үлесінің ұлғаюы бюджет қаржысын тиімсіз басқарудың алғышарттарын қалыптастырды. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің республикалық бюджетті бірнеше мәрте нақтылап, түзетулеріне қарамастан 2013 жылғы республикалық бюджет қаржысын пайдалану барысында тиімділіктің жетіспеушілігі орын алған. Ал 2014 жылғы 1 қаңтарда орталық мемлекеттік органдар 43,2 миллиард теңгені игермеді, жергілікті атқарушы органдар игерілмеген және өз мақсатына пайдаланбаған 26,0 миллиард теңге мақсатты трансферттерді бюджетке қайтарды. Сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепшоттарындағы қалдық қаражат 62,6 миллиард теңгені құраған.

Соңғы жаңалықтар