Былтырғы бюджеттен игерілмеген қаражат көлемі 18,5 млрд теңгені құрап отыр - Г. Қарақұсова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің қарауына Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2014 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері енгізілді.

Үкімет пен Есеп комитетінің есептеріне Мәжіліс маусымның 17-іне дейін қорытынды әзірлейтін болады.

«Былтырғы республикалық бюджет екі мәрте нақтыланып, Үкімет тарапынан жүргізілген түзетулерге қарамастан кірістер бойынша атқарылуы 99,3 пайыз, шығыстар бойынша 99,6 пайызды құрады. Бюджеттің шығыстар бөлігінде 560 бюджеттік бағдарламаларды іске асыру үшін 26 бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне 6 трлн 471 млрд теңге қаржы жұмсалған. Игерілмеген қаражат сомасы 18,5 млрд теңгені құрап отыр», деді Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова.

Оның айтуынша, Есеп комитеті тарапынан жүргізілген бақылау және талдау жұмыстарының қорытындысы бойынша мемлекеттік құрылымдар бюджет қаражатын толық игермеген. Тікелей және түпкілікті нәтижелердің жекелеген көрсеткіштеріне толық көлемде қол жеткізбеген. «Қаржы және бюджет комитеті аталған есептер бойынша ағымдағы жылғы 17-маусымға дейін қорытынды әзірлейміз», деді Г. Қарақұсова.

Соңғы жаңалықтар