Былтыр жол апатынан көз жұмған балалар саны 24% артқан

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр жол апатындағы бала өлімі 24% артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің ҚазАқпарат сауалына жолдаған жауабында 2022 жылы балалардың қатысуымен 3 385 жол-көлік оқиғасы тіркелгені айтылған.

Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 15% жоғары (2021 жылы-2 939) көрінеді.

Осы оқиғалардың салдарынан қаза тапқан балалар саны - 24% (2021 жылы - 200, 2022 жылы – 248), ал жараланғандар саны - 20% (2021 жылы-3 333, 2022 жылы-3 989) өскен.

Ведомствоның дерегіне сүйенсек, 1-4 сынып оқушыларына жол ережесі «Дүниетану», «Бейнелеу өнері», «Еңбекке баулу» пәндері арқылы оқытылады.

Атап айтқанда, пәндердің үлгілік бағдарламаларында «Бағдаршам», «Мен жаяу жүргіншімін», «Бағдаршам және жол белгілері», «Жолды қауіпсіз кесіп өту», «Жаяу жүргіншілер өткелі» сияқты тақырыптар қамтылған.

«5-9 сыныптарға арналған «Жаһандық құзыреттіліктер» оқу курсының үлгілік оқу бағдарламасында «Өмір сүру қауіпсіздігі» бөлімінде жол қозғалысы ережелері оқытылады. 10-11 сыныптарға арналған «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» оқу пәнінің үлгілік бағдарламасында жол қозғалысы ережелері «Технологиялық дайындық» бөлімінде қамтылған», - деп жазады министрлік мамандары.

Осылайша «Жол қозғалысы ережелері» 1-4 сыныптарда 6 сағаттан, 5-8 сыныптарда 10 сағаттан жүргізіледі.


Соңғы жаңалықтар