Былтыр тұтыну кредиттерінің көлемі 7,7 трлн теңгеге жетті – Мадина Әбілқасымова

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тұтыну бағытындағы микрокредиттердің портфелі 1 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мадина Әбілқасымова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Оның ішінде проблемалы тұтыну кредиттерінің көлемі 451 млрд теңге болып отыр. Бұл бүкіл тұтыну кредитінің 5,9% тең. Микроқаржы саласы туралы айтсақ, осы жылдың 1 қаңтарында тұтыну микрокредитінің портфелі 1 трлн теңге болды. Оның ішінде төлем мерзімі кешіктірілген 81,7 млрд теңгенің кредиті бар немесе 8,2%», - деді ол Сенаттың жалпы отырысында депутаттардың сауалына берген жауабында.

Агенттік басшысы былтыр проблемалы борыштарды реттеудің міндетті тәртібі заңнамамен бекітілген, содан бері банктер жеке жоспарлар қабылдап жатқанын еске салды.

«Елдегі бүкіл банктер бірігіп 2022-2023 жылдары 633 мың қарыз алушыны қамтуды жоспарлаған. Бүгінде 267 мың борышкердің мойнындағы 127 млрд теңге қарызды реттеуге бағытталған шаралар қабылданды», - Мадина Әбілқасымова.

Айтуынша, былтыр тұтыну кредитінің көлемі 25 пайызға өскен.

«2022 жылы банктердің тұтыну несиесінің портфелі 7,7 трлн теңге болды. Өсім 25 пайыз деген сөз», - деді агенттік басшысы.


Соңғы жаңалықтар