Былтыр СҚО тұрғындары айлығының тең жартысын тамаққа жұмсаған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында ұлттық статистика бюросының департаменті тұрғындардың былтырғы шығысын зерттеп, халықтың жан басына шаққандағы айлық орташа шығысы 88,9 мың теңге болғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, халықтың ай сайынғы ақшалай шығысы 2021 жылмен салыстырғанда 16,1% артқан.

Халықтың табысының ең үлкен үлесін - 89,5% тұтыну шығысы алған.

Қалғанын тұрғындар материалдық көмекке, алимент, кредит пен қарызды өтеуге, салықтарға жұмсаған.

Отбасылық бюджеттің ең шығынды бөлігі, яғни 50,1% азық-түлік тауарларына жұмсалады.

Азық-түлік емес тауарларды сатып алу шығысы – 34%, қызметтер төлемақысы 15,9% алып отыр.

СҚО тұрғындарының тамақтану құрылымында ет және ет өнімдерін сатып алуға кеткен шығысы 29,4%, екінші орында 16,7% нан және жарма өнімдерін сатып алу тұр.

Қала және ауыл тұрғындарының азық-түлік тауарларын сатып алу құрылымы өзгеше.

Қалалықтардың ет және ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін сатып алуға жұмсалатын шығыстар үлесі жоғары, ал нан мен жарма өнімдеріне, қант пен кондитер өнімдеріне жұмсалатын қаражат үлесі төмен.

Азық-түлік емес тауарлар тобында киім және аяқ киім тұрақты түрде басты орында келеді – 22,9%, соның ішінде қалалықтарда – 22,8%, ауыл тұрғындарында – 23%.

Ал қызметтер төлемақысына арналған шығыстарда айлық табыстың 33% тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге, 32,7% – көлік және байланысқа, 8,2% – денсаулық сақтауға тиесілі.

Мәдени іс-шаралар мен демалысты ұйымдастыруға жұмсалған шығындар ақылы қызметтердің болмашы бөлігін - 3,6% алады.

Десек те қала тұрғындарының ақылы қызметтерге жұмсайтын қаражаты ауылдықтарға қарағанда 1,9 есе көп.


Соңғы жаңалықтар