Былтыр меморган сайттарына 1,4 млн мәрте кибершабуыл жасалған

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Оның ішінде 15 мыңнан астам шабуыл Egov.kz ақпарат жүйесіне жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ интернеттің қазақстандық сегментінде былтыр және биыл жасалған кибершабуылдар туралы ақпарат таратты.

Оған сәйкес мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын қорғау үшін интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзі пайдаланылған.

Қарапайым сөзбен айтқанда, аталған шлюз - трафикті әртүрлі шабуылдардан тазартатын және олардың интернет ресурсқа әсер етуіне жол бермейтін ерекше фильтр.

Бүгінгі күні 200-ден астам меморган сайты әлгі шлюз қорғауымен қамтамасыз етілген.

Өткен жылы интернетке қол жеткізудің бірыңғай шлюзін пайдалана отырып шамамен 82,3 млн шабуыл бұғатталды, оның 1,4 млн астамы меморган сайттарына бағытталған.

Соның ішінде 15 мыңнан астамы - egov.kz-ке жасалған шабуылдар.

Сонымен қатар электронды үкіметтің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі.

Осылайша былтыр 37 ақпараттандару объектісінен 4 326 ақау табылған.

Бұдан басқа, 2021 жылы жаһандық интернет желісінде DDoS-шабуылдар санының артуы салдарынан Казнетте маңызы әртүрлі 120 мыңға жуық DDoS-шабуыл тіркелді.

Қашықтан оқыту кезеңінде білім порталдарына 29 шабуыл жасалған.

Биыл тойтарыс берілген кибершабуыл саны 28,5 млн асты.


Соңғы жаңалықтар