Былтыр мемлекет экономикаға 19,5 трлн теңге несие берген

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр экономикаға берілген несие көлемі 24,8% артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. ҚР Ұлттық банкінің ресми сайтында жарияланған сұхбатта Ғалымжан Пірматов осындай статистика келтірді.

«Негізі экономикаға несие беру мәселелері Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құзыретінде. Ұлттық Банк өз тарапынан 2021 жылдың шілде айынан ақша-кредит саясатын қатаңдату циклін бастады. Беріліп жатқан жаңа несиелерді қарастыратын болсақ, оның көлемі, әсіресе бизнеске беріліп жатқан несиелер, айтарлықтай қомақты. Мысалға, өткен жылдың өзінде бизнеске берілген жаңа кредиттер 20,3%-ға өсіп, 11,1 трлн теңгеге дейін жетті. Экономикаға берілген несиелердің жалпы көлемі 24,8%-ға, 19,5 трлн теңгеге дейін артты», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде қалуы экономикаға несие беру көрсеткішіне кері әсер етпеген.

«Несие беру азайған жоқ. Ал, біздің ортақ мақсатымыз – берілетін несиенің санын емес, сапасын арттыру. Есіңізде болар, осыдан жиырма шақты жыл бұрын ел экономикасы қарқынды өсіп, халыққа несие беру үдей түскен. Бірақ, одан сапалы нәтиже шыға қойған жоқ.

Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдай отырып, инфляциямен күрес пен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді ескеріп, инфляцияны төмендету бойынша неғұрлым икемді сценариді таңдады», - деді Ғалымжан Пірматов.

Еске салсақ, ҚҰБ төрағасы жыл аяғына дейін инфляция 13-15% деңгейінде қалыптасатыны туралы болжамы жасаған еді.

Сондай-ақ, ол теңге/рубль бағамының қалай реттелетінін түсіндірді.

Ресей мен Қазақстанның базалық мөлшерлемесін салыстырып қарау дұрыс еместігін де айтты.


Соңғы жаңалықтар