Былтыр кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркелді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Өткен жылы кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, үй шаруашылықтарын зерттеу деректері табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасына жетпейтін халықтың үлесі 5,2 %-ды құрағанын көрсеткен.

«Былтыр өңірлер бөлінісіндегі кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан, Маңғыстау облыстарында, ал ең аз үлесі Нұр-Сұлтан қаласында тіркелді», - деп жазды ведомство.

Хабарламада қала мен ауыл тұрғындары табысының едәуір саралануы сақталғаны да айтылған. Мәселен, қалалық жердегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз халықтың үлесі 3,8% болса, ауылдық жерде - 7,2%. 2021 жылы кедейліктің ауылдық және қалалық деңгейлері арасындағы ең үлкен айырмашылық Атырау (9,1 есе) мен Маңғыстау (4,3 есе) облыстарында байқалды.

«Қазақстанда өткен жылы жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы орта есеппен айына 37 266 теңгені құрады. Бұл ретте әрбір өңірдің өзінің ең төменгі күнкөріс деңгейі есептеледі», - деп толықтырды Ұлттық статистика бюросы.


Соңғы жаңалықтар