Былтыр «ҚазМұнайГаздың» 34 қызметкері жараланып, бір жұмысшы көз жұмған

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр «ҚазМұнайГаз» компанияларында 34 өндіріс жарақаты тіркеліп, бір адам қайтыс болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жайында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еңбек және қоршаған ортаны қорғау департаментінің директоры Қайрат Сейтмағамбетов «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысында айтты.

«2022 жылы жазатайым оқиғалардың саны 35 болды. Оның ішінде 34 адам жарақат алып, 1 адам өлімі тіркелді. 24 ауыр жарақат, 10 жеңіл жарақат алды. Жол апаты оқиғаларына тоқталсақ, 24 оқиға болды. Сондай-ақ, бір өрт тіркелді. 24 жол апатына тоқталсақ, оның 13-і үшінші тараптың әрекетінен болған. Яғни, тек 11-інде біздің жүргізушілер себепкер болған. Өлім оқиғаларының коэффиценті 2022 жылы 1-ге теңелді. 2021 жылы 2,93 болған. Жарақат коэффиценті – 0,36. Жол апаты оқиғаларының коэффиценті – 1,26», - деді департамент директоры.

Оның айтуынша, биыл кәсіпорын еңбек қауіпсіздігі жөніндегі ішкі регламенттерін, стандарттар мен нұсқаулықтарды жетілдірмекші.

«Мысалы, өндіріс қауіпсіздігінің нұсқаулығын қайта қарау жоспарланған. Қауіпсіздігі жоғары жұмыстар тізілімін одан әрі дамытамыз деген жоспар бар. Тергеу регламентін де жетілдіреміз. Яғни, ақаулар мен жазатайым жайттардың себебін анықтау үшін кешенді әдістеме енгізбекшіміз», - деді Қайрат Сейтмағамбетов.


Соңғы жаңалықтар